Петропавлда дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасындағы IV Қазақстан чемпионаты бастау алды. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 400-ден астам ұл-қыз қатысып отыр. Құралайды көзге атып жатқан мергендер – 10-12 жастағы жеткіншектер. Олардың әрқайсысы 5 айналым ішінде нысананы дәл көздеп, жоғары ұпай жинауы тиіс. Ал 1 айналымда 5 рет садақ тартуға небәрі 120 секунд беріледі. Айқын Әділжан Оралдың намысын қорғауда. Ол тартысты сайыста 35 ұпай жинады.
АЙҚЫН ӘДІЛЖАН, қатысушы, Орал қаласы:
— Мен осындай республикалық чемпионатқа 2-ші рет қатысып отырмын. Өзімнің 5 айналымымды өткіздім. Нәтижесі жақсы болды, жүлделі орын аламын деп ойлаймын.
Жебені нысанағы дөп тигізу екінің бірінің қолынан келмейді. Кезінде ата-бабамыздың қолынан түспеген садақта мылтықтағы сияқты көздеу мүмкіндігі жоқ. Бұл жерде шеберлік маңызды рөл атқарады. Ұлдардан соң қыздар бақ сынамақ. Арулардың бірі – тараздық Адина Ізтілеу. Ол бүгін 15 метр қашықтықта сынға түседі.
АДИНА ІЗТІЛЕУ, қатысушы, Тараз қаласы:
— Спорттың бұл түрі маған қатты ұнайды. Алғаш рет анам алып келді. Бұған дейін Астана қаласында өткен республикалық чемпионатқа қатыстым. Ал 2023 жылы 3 орын иелендім.
Дәстүрлі садақ атудан Қазақстан чемпионатына 19 қаладан мықтылар келіп отыр. Айтулы дода 2 күн өтпек. Біле жүрген маңызды, спорттың бұл түрі денсаулыққа өте пайдалы.
ЖАСҰЛАН ҒАББАСОВ, СҚО дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті:
— Адамның концентрациясын көтереді. Сонымен қатар, қол мен омыртқаға жақсы әсер етеді. Бұл спорт түрінің маңызы зор. Мақсатымыз дәстүрімізді дәріптеу, сондай-ақ теріскейліктерге ата-бабамыздан қалған садақ атуды көрсету, үйрету болып табылады.
Жүлдегерлер мақтау қағазы және қаржылай сайлықпен марапатталады. Сонымен қатар, мергендердің мергені атанған жастарға “Спорт шебері” атағы беріліп, ұлттық құрама қатарына шақыртылады.
Ақтолқын Солтанханқызы