Қоғам

Облыстық көпбейінді аурухана күрделі жөндеу көруде

Облыстық көпбейінді ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Маңызды іске жергілікті 2 серіктестік қызметкерлері жұмылдырылған. Олар ақпан айының ортасынан бастап тер төгуде. Бүгінде мекемеде 20 бөлімше бар, оң бастаманың арқасында 7 бөлімшеге сән кіреді. Қазір 3-інде жоспардағы жұмыс аяқталған.

ВИКТОР КОВУЛЬЧУК, учаске бригадирі:

— Біз лор және пульмонология бөлімшелеріне жауаптымыз. Бірінші бөлімшедегі жұмысты 3 айдың ішінде аяқтадық. Төбе, қабырға, еден, жылу батареясы, есік пен терезенің барлығын жаңалаудамыз. Сапаға баса назар аударылады. Жауапты тұлғалар үнемі қадағалап отырады. Жалпы, біздің серіктестіктен күрделі жөндеуге 40 адам жұмылдырылды.

Ауруханадағы күрделі жөндеу жұмысына жергілікті бюджеттен 572 миллион теңге бағытталған. Қызметкерлер өзгерісті біраз күтті. Өздерінің ризашылықтарын білдіруде.

ДИНА ӘШІМОВА, облыстық көпбейінді ауруханасы бас директорының орынбасары:

— Бұрыңғы ғимаратпен қазіргі ғимаратты салыстыруға келмейді. Жаңашылдық бірден көзге оттай басылады. Ауруханамызда осындай маңызды жұмыстың жүргізіліп жатқанына өте қуаныштымыз. Қазіргі таңда емдеу мекемесінде 700-ден астам маман еңбек етеді. Мұндай жөндеу қызметкерлерге де, науқастарға да жайлылық силайтыны сөзсіз.

Күрделі жөндеу жұмысы күзде аяқталады. Мамандар келесі жылы тағы еңбек етпек. Жоспар бойынша алдағы уақытта 5 бөлімшенің тамырына қайтадан қан жүгіреді.

 

Мәдина Қаби