Облыста жыл басынан бері 11 адам саркома дертіне шалдыққан. Салдарынан 3 жерлесіміз көз жұмған. Қазіргі таңда есепте 166 тұлға тұр. Өткен жылғы статистика биылғыдан 3 адамға көп. Ал қайтқан адам саны біреуге басым. Саркоманы көбі ракпен шатастырып жатады. Айырмашылық бар. Саркома қатерлі ісіктен де күрделі.
РАФАЭЛЬ РИЗАЕВ, облыстық онкологиялық орталығының онколог-хирург дәрігері:
— Саркома – дәнекер тінінің әртүрлі түрлерінде дамитын қатерлі ісік. Рак ақшыл түсті болса, саркоманың түсі балық етіне ұқсас ақшыл-қызыл болады, ал май тінінің ісігі сары түске айналады. Ісік кез келген жерден шығуы мүмкін. Жұмсақ тіндердің саркомалары жүйке, май, бұлшықет, қан тамырлары, терең тері ұлпалары немесе талшықты тіндер сияқты жұмсақ тіндерде дамиды. Негізінде, ол жарақаты көп адамдарда болады.
Дәрігердің сөзінше, саркомаға көбіне ер адамдар шалдығады екен. Себебі, олар дене жарақаттарын көп алады. Дертке шалдыққан адамда әлсіздік пайда болады, қызуы көтеріледі, жүрегі айниды, сүйектері ауыра бастайды. Егер осы белгілер байқалса, бірден дәрігерге жүгіну қажет. Ауру асқынса, емдеу қиынға соғады.
РАФАЭЛЬ РИЗАЕВ, облыстық онкологиялық орталығының онколог-хирург дәрігері:
— Саркома тұқым қуалайды. Яғни, әкеден балаға беріліп жатады. Ал кейбір кезде тарамайды. Ауруға операция арқылы қарсы тұрамыз. Кейін емді химиялық терапиялар арқылы жалғастарымыз. Дерттің алдын алу үшін темекі және басқа да зиянды заттарды қолданбау қажет. Терідегі жұқпалы ауруларды тез арада емдеген жөн.
Айта кету қажет, халыққа саркома жайлы ақпарат ұсыну, адамдарды қабылдау мақсатында онкологиялық орталықта осы аптаның сенбісінде “Ашық есік күні” шарасы өтеді. Орталықтың есігі кез-келген адамға ашық.
Мәдина Қаби