ҚоғамЭкология

Экология және табиғи ресурстар министрі өндірістік нысандарды аралады

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге “Радуга” серіктестігінде болды. Ол ең алдымен металл-пластик бұйымдары зауытының цехына бас сұқты. Өндіріс орнының директоры Дмитрий Шарапаев ведомство басшысына тауарлардың сапасына аса зор мән беретіндігін жеткізді.

Экология министрі одан әрі сабын шығаратын цехпен танысты. Бұл жерде кір сабын, иіс сабынның сұйық және қатты түрлері өндіріледі. Бұдан соң, министр Ерлан Нысанбаев қияр өсірумен айналысатын “Зелёный север” серіктестігіне барды. Қағаз өнімдерін шығаратын цехта да қызу жұмыс. Жылдық қуаттылығы 5 мың тоннаны құрайтын цех осыдан 3 жыл бұрын ашылған. Осы орайда Ерлан Нысанбаев Петропавлда алдағы уақытта тағы да фабрикалар мен зауыттар бой көтеретіндігін жеткізді.

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

— “Радуга” серіктестігі бізге өздерінің кезекті инвестициялық жобасын ұсынды. Бұл бастаманы әлі талқылаудамыз. Күзге қарай нақты жауабы беріледі. Кәсіпорын басшылығының жоспарлауы бойынша Петропавлда сұрыптау және қағаз өнімдері фабрикасы салынады. Әрине, бұл ұсынысты қолдаймын. Осының арқасында елімізде қоқыс та азаяды.

Саңырауқұлақ өсірумен айналысатын фабрика да болашақтағы жоба саналады. Әзірге, бұл нысан салынып жатыр. Жоспар бойынша мұнда айына 200 тоннадан астам өнім жиналмақ.

 

Мәдина Қаби