Біреу білсе, біреу білмес, Петропавлда Ресей қалаларына жолаушы тасымалдаумен айналысатын такси қызметі жұмыс істейді. Құрылғандарына 7 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде сенімді сервиске айналып отыр. Айта кету керек, бұл жаңашылдықты қала тұрғыны Андрей Головачев ойлап тапқан.
АНДРЕЙ ГОЛОВАЧЁВ, “ТОП” такси қызметінің жетекшісі:
— Өзім кезінде Петропавл мен Омбы қалаларының аралығында жолаушы тасымалдаумен айналысқанмын. Адам саны арта бастаған соң осындай қызмет құруды жөн көрдім. Біз Ресейдің Омбы, Түмен, Екатеринбург, Сургут қалаларына қатынаймыз. Биыл облыс орталығынан Новосібір мен Ханты-Мансийск шаһарларына жаңа бағыт аштық.
“ТОП” такси жолаушылардың жайлылығын қамтамасыз етеді. Мұнда барлығы 45 жүргізуші жұмыс істейді. Әрбіреуінің көлігінің іші кең, жолаушыларға бар жағдай жасалған. Тіпті, салқындатқышы да бар. Алыс жолға сапарға шыққан жолаушы жайлы отыру үшін біраз өзгеріс енгізілген. Бұдан былай 7 адамдық машиналардың ең артқы бөлігінде 3 үш адам емес, екі жолаушы ғана жайғасады. Андрей Олеговичтің сөзінше, такси қызметінің өкілдері рөл тізгіндеген жандарды үйретуге арналған түрлі курс өткізеді екен.
АНДРЕЙ ГОЛОВАЧЁВ, “ТОП” такси қызметінің жетекшісі:
— Жүргізушілерге жолаушылармен қалай сөйлесуді үйретеміз. Рөл тізгіндеген жан көлігінде отырған әр жанның өміріне жауапты. Сондықтан, жүргізушілерді жұмысқа алмай тұрып жіті тексеріп аламыз. Жолаушылар ақша төлегеннен кейін оның айтқанын орындауымыз керек. Әрине, неше түрлі адам болады. Бірақ, біз әрқайсысының көңілін табу үшін бар күшімізді саламыз.
Қазіргі таңда аталған такси қызметінің жүргізушілері Ресей қалаларына күніне 20-дан аса рейс жасайды. Жолаушылар сайт немесе мобильді қосымша арқылы тапсырыс бере алады. Тиісінше, қалаған жүргізушіні, көлікті өздері таңдайды. Руслан Коробов – такси жүргізушісі. Петропавл мен Омбы арасында қатынайды. Оның айтуынша, жаз уақытында жолаушылардың саны артады екен.
РУСЛАН КОРОБОВ, “ТОП” такси қызметінің жүргізушісі:
— “ТОП” такси қызметінде жұмыс істеп жүргеніме жарты жыл болды. Жол жүру – менің өмірім десем артық айтқандық емес. Біздің бір ерекшелігіміз, көлікте жолаушы аз болса да жол жүруді тоқтатпаймыз. Адамдарды керек болса үйінен алып кетіп, діттеген жеріне жеткіземіз. Жол бойынша тоқтағысы келсе, айтқан жерінде аялдаймыз.
Маргарита Квиткевич “ТОП” такси қызметінің көліктерімен 3 жылдан бері қатынайды. Нәзікжанды Түмен қаласында тұрады. Петропавлға анасына келіп тұрады екен.
МАРГАРИТА КВИТКЕВИЧ:
— “ТОП” такси қызметінің жүргізушілері көңілімнен шығады. Өте ұқыпты. Оған қоса белгілі бір уақытты ұстанады. Ешқашан кешікпейді.
Айта кету керек, “ТОП” такси қызметі жүретін ең ұзақ бағыт – “Петропавл – Ханты-Мансийск” екен. Екі арадағы ұзақтық мың жарым шақырымды құрайды.
Нұрасыл Ахмет