Облысқа жұмыс сапарымен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев келді. Ол облыстық кітапханада өңір тұрғындарымен және коммерциялық емес ұйым өкілдерімен кездесті. Жиында көптің көкейінде жүрген кейбір маңызды мәселелер талқыға түсті. Еліміздің бас экологына алғашқылардың бірі болып сұрақты қала тұрғыны Лора Мұқашева қойды. Зейнеткерді шаһардағы қоқыс полигонының толып тұрғаны қатты алаңдатады.
ЛОРА МҰҚАШЕВА, қала тұрғыны:
— Қазіргі қоқыс полигонының салынғанына 40 жылдан асты. Қашан Петропавлда қатты қалдыққа төгуге арнадлған заманауи нысан салынады?
Бұл мәселе жалғыз Лора Сағитқызын ғана емес бүкіл шаһар тұрғынын алаңдатыны сөзсіз. Себебі, қаладағы қоқыс полигоны 99 пайызға толы. Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, аталған түйткілді шешу мақсатында министрлік пен облыс әкімдігі бірлесіп, жаңа жобаны жүзеге асырады.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
— Облыс әкімдігімен бірлесіп жаңа жобаны жүзеге асырмақшымыз. Яғни, Петропавлға қатты тұрмыстық қалдыққа арналған заманауи полигон салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Болжам бойынша, жоба құны 6,1 млрд теңге болады.
Тізе берсең, түйткіл көп. Жиын барысында министрге бірқатар азамат өз сұрағын қойды. Барлығы тұшымды жауап алды. Ерлан Нысанбаев үлгермей қалғандарына министрліктің сайтына хабарлама жіберулерін сұрады.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
— СҚО-да экологиялық ахуал тұрақты. Қатты қалдықты өңдеу мәселесі де оң жолға қойылған. Ең біріншіден, министрлікпен бірлесе жұмыс істеп жүрген “Радуга” серіктестігіне алғысым шексіз. Мемлекетімізде 4,5 млн тоннадан астам қатты қалдық жағылады. Соның бар-жоғы 25,8 пайызы ғана өңделеді. Мемлекет басшысы қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында зауыттар салу қажет деп тапсырма берген болатын. Сол бағытта министрлік ауқымды жұмыстар атқарып жатыр.
Еліміздің бас экологы солтүстік өңірлердің тұмса табиғатын сақтап қалу бәрімізге ортақ міндет екенін атап өтті. Айта кету керек, Ерлан Нұралыұлы өңірге жұмыс сапары барысында қаладағы ірі кәсіпорындар мен аудандардағы бірнеше орман шаруашылығын аралайды.
Нұрасыл Ахмет