Елордада өткен Әлем кубогының финалында Наталья Богданова австралиялық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, алтыннан алқа тақты. Облыс әкімі спортшыға алғысын білдіріп, жеңісімен құттықтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Бұл нәтиже – ерекше тәртіптің, кәсібиліктің және жеңіске деген ерік-жігердің көрсеткіші. Шынайы алғысымды Натальяға ғана емес, оның бапкері Дастан Қабденовке де айтқым келеді. Сіздердің бірлескен еңбектеріңіздің, табандылықтарыңыздың және жеңіске деген сенімдеріңіздің арқасында облысымыздың да, еліміздің де спорттағы беделі артып келеді. Сіздер жас спортшыларға арманға ұмтылуға, жетістікке жетуге және үздік болуға шабыт бересіздер.
Биылғы Әлем кубогы елордада өтіп, дүние жүзінің мықты былғары қолғап шеберлерін жинады. Қазақстан құрамасы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, бес алтын медаль жеңіп алды. Сол алтындардың бірі Натальяның еншісінде. Бұл жарыс оған да ерекше маңызды болды – спортшы алғаш рет жаңа салмақта сынға түсті.
ДАСТАН ҚАБДЕНОВ, бапкер:
— Астанада өткен Әлем кубогы өте жоғары деңгейде өтті деп санаймын. Себебі, бірнеше мықты мемлекет осы кубокқа қатысты. Сонымен қатар, Қазақстанда боксты бүкіл халық жақсы көретінін осы жерде көрдік. Арена әр күн сайын халыққа толы болды. Осы жарысты арнайы еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзі тамашалауға келіп, спортшыларды құттықтады. Осы жарыста жеңіске жеткенімізге және Әлем кубогын Солтүстік Қазақстан облысына алып келгенімізге қуаныштымыз. Болашақта да еңбектеніп, зор жетістіктерге жетуге тырысамыз.
Чемпионның өзі де жарыстың оңай болмағанын айтады. Әр жекпе-жек зор күш пен дайындықты талап етті. Қарсыластары мықты, тәжірибелі болғанымен, нақты жоспар мен бапкердің қолдауының арқасында Наталья өз шеберлігін көрсете алды.
НАТАЛЬЯ БОГДАНОВА, бокстан Әлем кубогының жеңімпазы:
— Әрине, жекпе-жектер оңайға соққан жоқ. Қарсыластарымның барлығы мықты, тәжірибелі, атақтылары да көп болды. Ал 70 келі – мен үшін жаңа салмақ дәрежесі, қарсыластарымды да, олардың қалай жұдырықтасатынын да білмедім. Біз бапкерім екеуіміз әр қарсыласқа жеке дайындалып, өз мектебімізді, өз шеберлігімізді көрсеттік. Бекерден-бекер жаттықпадық, үмітті ақтап, чемпион атандық.
Жеткен жеңісі мен еңбегі үшін облыс әкімі Натальяға 5 млн теңгенің сертификатын табыстады.
Ақтолқын Солтанханқызы