Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында Есіл ауданы сәулет, құрылыс және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Ахметовке қатысты тәртіптік іс қаралды. Мемлекеттік қызметші кеңес мүшелерінің алдына осымен екінші рет келіп отыр. Ол өткен жылы ғана мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін ескерту алған болатын.
ДАРХАН ЕРМЕКОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:
— Заңның 44-бабы 6-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 2, 3, 4 және 5-ші тармақшаларында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға не қызметтен шығаруға әкеп соғады.
Биылғы себеп қандай? Есіл ауданында бірнеше ауылды сумен қамтуға ел бюджетінен 40 млн теңгеге жуық қаржы бағытталған. Бірақ, сол сомаға кіретін жұмыс көлемі толық атқарылмаған. Факт аудандық прокурорлар жүргізген тексеріс барысында анықталды. Бұл немқұрайлықтың салдары ма әлде заңды білмеушілік пе? Жауапты бөлім басшысының өзі не дейді?
ҚАЙРАТ АХМЕТОВ, Есіл ауданы сәулет, құрылыс және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
— Ауа райының қолайсыздығына байланысты біз жұмысты тоқтата тұру керек деген шешімге келдік. Берілген жұмыстарды сәуір айында жүргізіп үлгереміз деп ойладық. Блок-модульдер тек мамыр айында іске қосылды. Мерзімінде үлгермегенімізді мойындаймын.
Яғни, жоспарланған жұмыс алты айға кешіктірілген. Жиын соңында кеңес мүшелері Қайрат Ахметовке қызметінен босату түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім шығарды.
Ақтолқын Солтанханқызы