Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Айыртаудағы ілкімді істер мен маңызды мәселелер

Айыртау ауданындағы Бірлестік ауылында ақ түйенің қарны жарылатын күн алыс емес. Қазақы қаймағы бұзылмаған ауылда жақында мәдени-сауықтыру орталығы ашылады. Жылу жинап, нысанды жаңғыртуға талпынған жергілікті жұртшылыққа билік жәрдемдесті. Іске 157 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді, мердігер анықталды, нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар осындай ғимарат пайда болды. Орталықтың табалдырығын ауданға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов аттады.

ХАМЗАТ АВХАДОВ, «ТЕХНОКОМ» ЖШС директоры:

— Құрылыс кезінде аудан әкімінің барлық ұсыныстарын назарға алдық. Үнемі бақылау жүргізілді. Ғимараттың сапасының жоғары екендігіне шек келтірмеймін. Маңайды абаттандырдық. Бұл ауылда 380 адам тұрады. Тұрғындар үшін тамаша нысан деп санаймын.

Бірлестікте 80-ші жылдардан бері халықтық домбыра ансамблі бар. Талай шарада төбе көрсеткен топ енді осы жерде сабақ өткізеді. Жеткіншек қыздар қонақтарға күй орындап берді. Бірлестікте спортқа құштар жастар да тұрады. Алайда, спортзал жоқ. Балалар қыста мектепте жаттығады. Облыс әкімімен тілдесу кезінде ауыл үлкендері осы мәселені көтерді.

Тұрғындар үшін тағы бір жағымды жаңалық – үйлерге тіршілік көзінің кіргізілуі. Ауылға су құбыры тартылды. Қазір таратқыш нысан салынып жатыр. Жоспар бойынша ауқымды жұмыс тамыз айының соңында аяқталады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қаражат бөлінгеннен кейін сапаны бақылау керек.

Айыртаудың топырағы құнарлы. Егін де, шөп те жақсы өседі. Биылғы астықтың жағдайы, шабындықтағы қарқын жайлы аймақ басшысы Лавровка ауылының іргесіндегі алқаптардың біріне жиналған диқандардан сұрады. Ағымдағы жылы қамба толады. Сәтін салса, майлы дақыл молынан жиналмақ. Кәсіпкерлер осыны айтты. Өз кезегінде Ғауез Нұрмұхамбетов мемлекеттік қолдау туралы баяндады. Антоновка ауылында мынадай үйлер салынып жатыр. Оларды маман тапшылығын сезінген сүт-тауарлы ферманың директоры тұрғызуда.

Кәсіпкер жұмысшылары үшін 10 үй салмақ. Баспаналардың еңсесі биік, іші кең. Өңір жетекшісі іскер жанның бастамасын қолдап, сәттілік тіледі. Тоғыз жолдың торабында тұрған Антоновкада қызмет көрсету орындарының көп болғаны жөн. Алдағы айда ауылда дүкен ашылады. Мұнда қымызхана бар. 25 жастағы жігіт 10-нан астам бие сауғызып, ұлттық сусын сатуда. Болашақта Қамбар ата төлінің санын 100-ге жеткізгісі келеді. Саумалкөлдің іргесінде асфальт-бетон зауыты жұмыс істейді. Бұл жерде тонналап өнім өндіріледі, тонналап жүк артылады. Ал оны бақылап жатқан адам жоқ. Салдарынан жолдарда шұрық-тесік пайда болады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Талап барлығына бірдей. Осындай әр өндіріс орнында таразы болуы тиіс. Егер сатушы материалды шамадан тыс артса, кәсіпті бірден тоқтату керек. Бірден қатаң шара қолға алынсын! Жауаптыларға осындай тапсырма беремін. Барлықтарыңыз құлақ түріңіздер! Жолда асфальтты бұзатын жүк көліктері жүрмесін.

Айыртауда әлем назарын аударар “Сырымбет” жобасы қолға алынды. Кешегі Шоқандардың табаны тиген аумақта қалайының мол қоры бар. Алдағы уақытта химиялық элементті жаппай өндіру басталады. Ал кен орнын игеруші компанияға маман қажет. «Tin One mining» АҚ алысқа назар аудармады, “Саумалкөл ауылының агротехникалық колледжімен” меморандумға қол қойды.

Ортақ құжат аясында енді колледж қабырғасында тау-кен ісі мамандығы бойынша мамандар дайындалады. Тағы бір жағымды жаңалық – білім ұясы жатақханасының жөнделуі. Аймақ басшысы жауаптыларға жоба әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Ауданда қысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ғауез Нұрмұхамбетов әзірлікпен танысып, кем-кеттікке жол жоқтығын баса айтты. Қазір “Шалқар су” шипажайы да күрделі жөндеу көруде. Заманауи 100-ден астам нөмір болатын демалыс орны биыл ашылады.

АҚАН ЖАНПЕЙІСОВ, «Шалқар су» шипажайының директоры:

— Есіктер мен жиһазды қытайлар өлшеп, есептеп кетті. 1 жарым айдың ішінде әкеледі. Жаңа жылға дейін ашылуымыз қажет. Барлығы жаңаша кейіпке енеді. Мейрамхана болады.

Өкінішке қарай, өңірдегі демалыс орындарымен әлі марқая алмаймыз. Шалқар көлінің жағасында өзекті мәселенің беті ашылды. Мұндағы демалыс орындарының барлығында бірдей құтқару бекеттері жоқ.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Президент Алакөлдегі жағдайға тоқталды. Қазір жер-жерде тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Туристер шағым білдіруде. Ахуал мәз емес. Халық ақша төлейді, ал кәсіпкерлер өз аумақтарына көңіл бөлмейді. Неге кейбір демалыс орындарында құтқару бекеттері жоқ? Дархан Өмірсерікұлы, осы мәселені шешпей Петропавлға келмеңіз! Осыны қатаң тапсырамын.

Қуанышымызға орай, биыл Шалқар мен Имантау көлінің маңындағы демалыс орындарының барлығына интернет жетеді. Бұл тұтас саланың алға жылжуына әсер етпек. Бүгінде “Сокол” балаларды сауықтыру лагерінде Wi-Fi бар. Бұл лагерь бірнеше жыл жұмыс істемеді. Ағымдағы жылы тамырына қайтадан қан жүгіріп, ұл-қыздарды қабылдады. Қазір түрлі жастағы балалар алаңсыз тынығып жатыр.

Ал аудандағы аға буын өкілдері алаңсыз өмір сүре алмай отыр. Өзекті мәселелер аймақ басшысының халықпен кездесуінде көтерілді.

ҚАЗИҚАН КЕНЖЕБАЕВ, Кутузовка ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

— Кутузовкада жолымыз нашар. 2 шақырым 3 жылдан бері жөнделмей отыр. Мәселені бұған дейін көтердім. Әкімдерге айттым.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:

— Осы жылы шұңқырларды тегістейміз. Материал бар. Мұндай жолдар баршылық. Келесі жылға жоспар әзірлейміз.

Мұндай мәселе Саумалкөлде де бар. Аудан орталығындағы тағы бір өзекті мәселе – судың тұрақты түрде берілмеуі. Кездесуде халық бүгін де тіршілік көзінің жоқтығын айтты. Бұған себеп – Ақмола облысындағы апат. Жоспар бойынша кешке су жетеді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Осы мәселе бойынша маған Президент әкімшілігінен хабарласты. Мен Саумалкөлге орынбасарымды, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысын жібердім. Олар 3 күн болып, жұмыс жүргізді, жағдай тұрақталды. Бұған дейін сіздерге “Саумалкөл жылу” серіктестігі қызмет көрсетті. Ол шығынға батты. Бүгін тағы су жоқ деп отыр. Данияр Қуанышұлы, кешке дейін судың келгенін күтіңіз! Сосын ғана Петропавлға қайтыңыз!

Кездесуде аудандық әкімдік өкілдерінің ақпараттандыру жұмысын сылбыр жүргізетіні ашық айтылды. Қоныстанушылардың үйлері де сапасыз. Оларды жөндеу керек. Іс баяу атқарылуда. Жиын қорытындысы бойынша Имантауда бос уақыт өткізетін жер ашылады және Каменный Брод орта мектебі жөнделетін болды. Сапар соңында облысы Ғауез Нұрмұхамбетов Кутузовкадағы құрғақ бие сүтін, қымыз шығаратын ферманың құрылысымен танысты.

 

Байболат Құлтанов