МТРА жаңалықтары

Волонтерлік және азаматтық бастамаларды дамытуға арналған шағын гранттар байқауы басталды

Мәдениет және ақпарат министрлігі Бірыңғай грант операторының қолдауымен шағын гранттар байқауына өтінім қабылдаудың басталғанын жариялайды. Байқау жеңімпаздары жобаларын іске асыру үшін 1 млн теңгеге дейін қаржылық және ұйымдастырушылар тарапынан әдістемелік қолдау алады. Жобаларды 3 айға дейін мерзімде жүзеге асыру қажет. Шағын гранттар волонтерлік бастамаларды дамыту, инклюзивті қоғамды дамыту және ауылдық бастамаларды қолдау бағыттары бойынша ұсынылады.

Шағын гранттар келесі басым бағыттар бойынша ұсынылады: волонтерлік бастамаларды дамыту (төтенше жағдайлар, экология, медицина, мәдениет, әлеуметтік бағыт, жануарларды қорғау) – 60 грант; инклюзивті қоғамды дамыту – 18 грант; ауылдық бастамаларды қолдау – 18 грант.

Өтінімдер 2025 жылғы 16 шілдеден 4 тамызға дейін қабылданады. Грантқа тіркелген үкіметтік емес ұйымдар, волонтерлік жобалар бойынша бастамашыл топтар, волонтерлік жобалар бойынша 18 жастан асқан жеке тұлғалар қатыса алады.