Өңірге Астана қаласы, Ақтөбе, Павлодар және Алматы облысының үздік шахматшылары бақ сынасуға келді. Бүгінгі тартыстың ерекшелігі – мұнда жасы 50-ден асқан азаматтар өзара мықтыны анықтайды. Михаил Кашкаров – шахмат десе ішер асын жерге қоюға әзір жандардың бірі. Тақтадағы әр фигураны көзін жұмып тұрып жылжыта алатын спортшы бұған дейін тіпті Азия біріншілігінде 2-орын алған.
МИХАИЛ КАШКАРОВ, чемпионатқа қатысушы, Павлодар қаласы:
— Ардагерлер арасындағы чемпионаттарға жиі қатысып тұрамын. Мақсатым – қарсыласымды жеңу ғана емес, дос табу. Қызығушылықтарымыз бір жандармен әңгімелесіп бір марқайып қаламын.
Ой жарысына барлығы – 6 топ, 24 жан қатысып жатыр. Бұл – командалық жарыс. Әр топта –4 адамнан. Ереже бойынша оның 3-еуі ер азамат, біреуі әйел адам болуы керек. Дариға Иманова – ақтөбелік құраманың мүшесі. Аяулы ана, сүйікті әже ұрпақ тәрбиесімен ғана емес, шахматтан шәкірт тәрбиелеумен де айналысады. Еңбегінің жемісін көріп отыр. Мақтаныш тұтқан шәкірттерінің бірі – әлем чемпионатының жүлдегері Ханзада Аманжол. “Шахматқа деген қызығушылығымды әкем оятты”, – дейді нәзікжанды.
ДАРИҒА ИМАНОВА, чемпионатқа қатысушы, Ақтөбе қаласы:
— Біз отбасымызда 10 бала болдық. Шахмат ойнауды бала кезімде марқұм әкем үйреткен болатын. Бүгінде бұл спорт түрімен айналысып жүргеніме 50 жылдай болды десем қателеспеймін.
Бүгінгі ойын тәртібі – классикалық. Әр қатысушыға тек бір ойын өткізуге рұқсат етілген. Жарыстың бас төрешісі Александр Новичковтың айтуынша өңірде аталған спорт түрі жақсы дамып келеді. Адамның ойлау қабілетін дамытатын бағытты мектепте де қолға алу қажет деген пікірде.
АЛЕКСАНДР НОВИЧКОВ, чемпионаттың бас төрешісі:
— Елімізде Президенттің қолдауының арқасында спорттың бұл түрі қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде шахматшылылармыз әлемдегі ең үздік 10 құраманың қатарына кіріп отыр. Бұл – мақтан тұтарлық жайт. Алдағы уақытта шахмат ойынын мектеп бағдарламасына қосу жоспарланып отыр.
Чемпионат шілденің 24-ші жұлдызына дейін жалғасады. Жүлделі орын иелеріне диплом мен қаржылай сыйлықтар беріледі.
Ақтолқын Солтанханқызы