Қоғам

Мамлют ауданында азамат соғысынан қалған снаряд табылды

Шілденің 16-сы күні Мамлют ауданының тұрғыны бақшасынан азаматтық соғыс кезеңінде қолданылған снарядты тауып алған. Ауыл азаматы бірден полицияға хабарласып, күмәнді затты тапсырды. Оқты тат басуына байланысты оның нақты маркасы мен нөмірін анықтау мүмкін болмады. Өткен ғасырдан сыр шертетін снаряд жайлы білу мақсатында арна тілшілері өңірімізге белгілі өлкетанушы Дәстен Баймұқановпен тілдесті. Азамат осы күнге дейін мұндай жәдігерлердің 30-ға жуығын тапқанын жеткізді.

ДӘСТЕН БАЙМҰҚАНОВ, өлкетанушы:

— Бұл – жарылмай қалған зеңбіректің оғы. Мен бұл нышанды мыстан жасалған белдігінен танып қалдым. Ұзындығы – 25 см, диаметрі 76 мм-ді құрайды.

Естімеген елде көп. Белгілі зерттеушінің сөзінше, Петропавл маңында мұндай снарядтардың жүзі жатыр. Себебі, шаһар маңындағы Ойқала шағын ауданында ақтардың көшбасшысы Атаман Дутовтың штабы болған. Ең негізгі қақтығыстардың бірі облыс орталығында өткен екен.

ДӘСТЕН БАЙМҰҚАНОВ, өлкетанушы:

— Соғыстар Петропавлдың маңайында емес, ішінде болған. Мәселен, қызылдар мен ақтар арасындағы ең үлкен қақтығыс облыс орталығындағы қазіргі Пушкин көшесінде орын алған.

Айта кету керек, облыстық тарихи-өлкетану музейінде азамат соғысынан қалған мыңнан астам жәдігер бар.

 

Нұрасыл Ахмет