Білім

Биыл білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске қосылады

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында, соның ішінде жекеменшік мектептерде де «Адал азамат» атты біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіледі. Бұл – бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы, бірақ мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің сайтында жазылды. Білікті педагог, ЛОРД мектеп-лицейінің директоры Светлана Шәукерова бағдарлама ел болашағы – білімді, саналы ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор дейді.

СВЕТЛАНА ШӘУКЕРОВА, ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының директоры:

Жалпы, бұл бағдарламаның мақсаты – елжанды, еңбекқор, білімді азамат тәрбиелеу. Сонымен қатар, қоғамда бәсекеге қабілетті тұлғаларды қалыптастыру болып табылады. Жалпы, бағдарлама ұлттық құндылықтарға негізделген 6 жоба бойынша негізделіп жатыр.

Негізі, бұл бағдарлама мектептерде 2023 жылы пилоттық режимде қолға алынған екен. Осы ретте ЛОРД мектеп-лицейінде атқарылған жұмыс ауқымды. Білім ұясында білім мен тәрбие қатар жүреді. Мұнда сабақтан тыс жұмыстарға да баса мән беріледі.

СВЕТЛАНА ШӘУКЕРОВА, ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының директоры:

Сонымен қоса, балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында “Отыз қазақ” жобасы бар. Жоба аясында балалар қазақ тілінде ән жаттап, тілдерін жаттықтырады. Сондай-ақ, “Адал азамат” бағдарлама аясында “Смарт бала” жобасы бар. Мұнда мақсат – ұл-қыздардың ғылыми жұмыстар жасай келе зерттеу жұмыстарына бейімдеу болып табылады.

Сонымен қатар, «Өнегелі 15 минут», күй әуенімен қоңырау соғу, ұлттық ойындар секілді жаңа форматтар енгізілген. Қазіргі күні “ЛОРД” мектеп-лицейінің ұжымы мазмұны жаңартылған бағдарлама аясында жұмыс істеуге сақадай сай отыр.

 

Ақтолқын Солтанханқызы