Мәдениет

Ветеринария саласының қызметкерлері құрметке бөленді

Елімізде өткен жылдан бері ветеринария саласы қызметкерлері күні аталып өтіледі. Мына залда отырған жандардың еңбегі адамзат баласы үшін ұшан-теңіз. Төрт түліктің амандығы осы мамандардың мойнында. Тұрғындардың денсаулығына да жауапты десек артық айтқанымыз емес. Петропавлда айтулы датаға орай салтанатты шара өтті. Басқосуда сала қызметкерлерін облыс әкімі атынан бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов құттықтады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

— Ветеринария – ауыл шаруашылығының сенімді тірегі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет тарапынан аталған салаға зор қолдау көрсетілуде. Түрлі зертханалар салынып, техникалық базалары жаңартылуда.

Құттықтау сөзден кейін сала үздіктері құрметке бөленді. Шарада алғаш болып марапат алғандардың бірі – Сатбек Сәпиев. Ол – ветеринария ардагері. Мал дәрігері болып 40 жылға жуық уақыт бойы қызмет еткен. Бүгін оған талай жылғы еңбегі үшін “Еңбек ардагері” медалі табысталды. Білікті маманмен тілдестік. Ол бізге білікті ветеринардың қандай болуы қажет екендігін айтып берді.

САТБЕК СӘПИЕВ, ветеринария саласының ардагері:

— Мал ешқашан бізге ауырып тұрғанын айта алмайды. Сондықтан, мал дәрігері бір қарағаннан диагноз қоя білуі қажет. Ал ол үшін әрдайым ізденісте болуы тиіс.

Салтанатты шарада жастар да түрлі марапатқа ие болды. Басқосуда құрметке бөленгендердің арасында Ағабек Талғат та бар. Ол қазіргі таңда М.Жұмабаев ауданындағы Лебяжинский ауылдық округінде мал дәрігері болып еңбек етеді. Еңбек өтілі 3 жылдан асады. Бір қызығы, азамат – онтүстіктің тумасы. Солтүстікке “Еңбек” бағдарламасы аясында көшіп келген.

АҒАБЕК ТАЛҒАТ, Лебяжинский ауылдық округінің мал дәрігері, М.Жұмабаев ауданы:

— Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді. Бұл саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. 3 жылдың ішінде талай малды өлімнен аман алып қалдым. Сол кездегі мал иесін қуанышын көру біз үшін бақыт.

Облыста ветеринария саласында 430-дан астам еңбек етеді. Кадр тапшылығы бар екені да жасырын емес.

Нұрасыл Ахмет