ҚоғамҚұқық қорғау органдары

Петропавлдық тәртіп сақшысы интернет-алаяқтықтың алдын алды

Интернет-алаяқтар егде жастағы тағы бір теріскейлікті құрыққа түсіре жаздады. Өткен аптада қаламыздағы ірі сауда үйінің бірінде жүрген 63 жастағы петропавлдыққа белгісіз тұлғалар қоңырау шалып, өздерін еліміздегі банктердің бірінің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар азаматтың атына кредит рәсімделіп жатқанын, оны болдырмау үшін ақшаны өздері айтатын шотқа аудару қажеттігін жеткізген.

ЖАНГЕЛДІ ӘПЕНОВ, СҚО ПД киберқылмыстарға қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

— 9-шы шілде күні ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері кезекшілік барысында терминал алдында ұялы телефонмен сөйлесе жүріп, операция жүргізіп жатқан егде жастағы ер адамға назар аударды. Полицей өзін таныстырып, алаяқтық болуы мүмкін екенін ескертеді. Кейін, офицер дереу «102» арнасына хабарласып, азаматқа мобильді банк қосымшасы арқылы шоттарын тексеруді ұсынған. Нәтижесінде зейнеткердің атына ешқандай несие рәсімделмегені анықталды.

Осылайша алаяқтықтың жолы кесілген. Осы орайда тәртіп сақшылары тұрғындарды аса мұқит болуға шақырады. Елімізде интернет-алаяққа әлі де ауыздық салынбай тұр. Биылдың өзінде өңірімізде 270 құқық бұзушылық тіркелген. Қылмыстың ашылу деңгейі 15,2 пайызды құрайды. Ал жапа шеккен жандарға қайтарылған ақша 115 млн теңгедан асады.

 

Ақтолқын Солтанханқызы