БілімҚоғам

Петропавлда “Markerspace” инженерлік лагері жұмысын бастады

Мұнда қатысушылар шағын құрылғылар жинап, механика мен электрониканы зерттейді. Осы аптада ұл-қыздар физика заңдарын дәлелдеу мақсатында түрлі эксперимент жүргізген.

ДИЛЬНАЗ РСАЛИЕВА, оқушы:

Біз балмұздақ таяқшаларынан мұнара жасадық. Эксперимент өзіме ұнады. Шығармашылыққа, ізденіске жаным құмар. Мәселен, мына сөмкені өзім жасадым. Қолға михенди саламын. Инженерлік лагерь мен үшін бір жаңа бағыт болды. Бұл жерде өз қабілетімді сынап, дамытқым келеді.

Ұл-қыздар тоңазытқыштан шығарса, әп-сәтте еріп кететін балмұздақты ұстап тұрған таяқшаның беріктігін тексермек болыпты. Нәтижесінде бір қарыс жұқа заттан түзілген мұнара 70 келі салмаққа шыдас берген. Дарынды балалар бас қосқан лагерьде петропавлдық қана емес, сонау Алматыдан келген жеткіншектер де жүр. Теріскейге демалысқа келген Сұлтан Құрбанбаев бос уақытын инженерлік лагерьде өткізуді жөн көрген.

СҰЛТАН ҚҰРБАНБАЕВ, оқушы:

— Мен Алматы қаласында тұрамын. Өзім анимациялық сурет салумен айналысамын. Инженерлік лагерь туралы әлеуметтік желіден көрдім. Мұнда өте қызықты екен. Таңғалдыратын дүниелер көп. Жаңа достар таптым.

Лагерьдің уақыты шектеулі. Небәрі екі апта жұмыс істейді. Осы жұмада ұл-қыздар механикалық бағытта түрлі тәжірибе жүргізсе, келесі аптада электр энергиясымен іске қосылатын түрлі құрылғы құрастырады.

СВЯТОСЛАВ ЛЕНГАРД, үйлестіруші:

14 күннің екінші жартысында электросхемалар жасаймыз. Үлкен қайық құрастырып көрмекшіміз, сонымен қоса электрогенераторлар сынды түрлі жабдықтар жасаймыз. Өнертапқыш балалардың бұл салаға деген қызушылығының жоғары екендігі қуантады.

Айта кеткен жөн, инженерлік лагерь дәстүрлі жылда ұйымдастырылады. Қатысу тегін, бастысы, баланың қызығушылығы болса болғаны.

 

Ақтолқын Солтанханқызы