МТРА жаңалықтары

Петропавлда гүл егу жұмыстары аяқталды

Гүл өссе – жердің көркі. Петропавлда мамыр айынан бастап түрлі түсті, хош иісті гүл отырғызу жұмыстары жүргізілді. Басымдық петунияға берілді. Қазір қала ерекше құлпырып тұр.

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

— Гүл отырғызу жұмыстарына 50-ге жуық адам жұмылдырылған. Бүгінге дейін қаламыздың адамдар көп жүретін жерлеріне, саябақтарына 371 мың түп гүл егіліпті.

Ақ, сары, қызыл, күлгін түсті петуния қала көшелеріне жылда егіледі. Оған аса күтім қажет емес. Гүлдерді коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері күн сайын суарып отырады. Қаланың кіреберісінде Қожаберген жырау ескерткішінің маңы одан сайын құлпыра түсті. Бұл жерде гүл егу жұмыстары кеше ғана аяқталды.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

— Жұмыстар 23 орынды қамтыды. Оның ішінде орталық көшелер, саябақтар мен әлеуметтік нысандар бар. Ең көп гүл отырғызылған жерлердің қатарына Қизатов көшесіндегі қиылыс та кіреді. Ол жерге 81 мың гүл түп отырғызылды. Қожаберген жырау ескерткішінің жанына 5 жарым мыңы егілді.

Гүл қалаға көрік, ал адамға қуаныш сыйлайды. Шаһар тұрғындары жасыл желек пен гүлдері мол облыс орталығы көркейіп келе жатыр дейді.

 

Мәдина Қаби