МӘДИНА ҚАБИ, тілші:
— “Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай жергілікті университеттің 2-ші корпусының қабырғасына ұлы ақынның суреті бейнеленген мурал салынды. Сурет эскиздерін “Құрылыс және дизайн” кафедрасының оқытушылары мен студенттері дайындаған. Қазір мурал алыстан көз тартып, қалаға көрік беріп тұр.
Муралда ақынның “Толық адам” ілімі мен “Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден ерек. Жеке-жеке біреу жарытпайды, жол да жоқ жарыместі жақсы демек” деген қанатты сөздері анық жазылған. Бұл сөздер қала тұрғындарын немесе келген қонақтарды, өскелең ұрпақты адамгершілікке, ұйымшылдыққа, парасатты болуға шақыру мақсатында арнайы таңдалып алынған.
Биіктігі 18 метрден асатын муралдың жан-жағы әсем ою-өрнекпен безендірілген. Пушкин мен Абай көшелерінің қиылысындағы туындыны мердігерлер 2 күн бойы салыпты. Жалпы, “мурал” сөзі – “қабырғадағы сурет” деген мағынаны білдіреді. Жұмыстың салыну техникасы жайлы қазақстандық Суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербековтен білдік. Өнер иесі керамикалық тақтайшалардан түзілген мурал күн сәулесіне де, суға да төзімді болады дейді.
БОЛАТ ӘСЕРБЕКОВ, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
— Муралдың әр бөлшегі, яғни керамикалық тақтайшалар жеке-жеке пеште 600-800 градуста күйдіріледі. Қолдану мерзімі шектеусіз. Ол тіпті 100 жыл тұруы да мүмкін. Негізі, мурал салынар алдын әр тақтайшаның астына нөмір жазылады. Пазл ретінде сол нөмірлермен теріліп, құрастырылады.
Университет қабырғасында бейнеленген мурал кәдімгі бояумен салынған. Жаңа туындының ашылу салтанаты тамыз айының басына жоспарланған.
Мәдина Қаби