Қоғам

“Мерейлі отбасы” республикалық байқауының қалалық кезеңі өз мәресіне жетті

“Отан отбасыдан басталады”. Елдің келешегі – ұрпақ жанұяда өсіп-өнеді. Бұл бағытта “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының қосып жатқан үлесі зор. Мұндай шараларды ұйымдастырудың нәтижесінде отбасы құндылықтары артып, кеңінен насихатталады. Бүгін Петропавлда аталған сайыстың қалалық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Байқауға 5 жанұя қатысты.

ЖҰЛДЫЗ ШӘКІРОВА, қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы:

— Жеңімпаз бен жүлдегерлерді осы күнге дейін жеткен жетістіктері және отбасылары жайлы жіберген бейнежазбалары арқылы анықтады. Бұл шараны өткізудегі мақсат – отбасы институтын қалыптастыру.

Шараға қала әкімінің орынбасары Қалия Төренова арнайы келіп, жеңімпаздарды марапаттады. Осы ретте байқаудың қорытындысын жария етсек, жүлделі үшінші орынды Тамашовтар отбасы иеленді. Екінші орынға Волощуктер жанұясы жайғасса, бас жүлдені Ахметжановтар отбасы еншіледі.

Қалың көпшілік арасынан Ахметжановтар әулеті ерекше көзге түседі. Айрандай ұйып отырған отбасы мүшелерінің барлығы ұлттық киім киіп алған. Отағасы Жанат Берікұлымен тілдестік. Ол бәрінен бұрын балаларының тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетінін жеткізді. Азамат 20 жылға жуық уақыт бойы полицияда еңбек етеді. Өнегелі әке ұлың ұлықты, қызың қылықты болу үшін бәрінен бұрын баланың тәрбиесіне баса мән беру қажет дейді.

ЖАНАТ АХМЕТЖАНОВ, байқау жеңімпазы:

— Өзім ондаған жыл бойы кикбоксингпен айналысамын. Облыстық және қалалық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазымын. Балаларым да шеттерінен өнерлі. Біреуі каратемен, екіншісі футболмен айналысамын.

Шараға қатысқан барлық отбасыға бағалы сыйлықтар табысталды. Айта кету керек, байқауда бірінші және екінші орын иеленген жанұялар қала намысын облыстық кезеңде қорғайды.

 

Нұрасыл Ахмет