Нашақорлық – қоғам дерті. Осы өңірдегі жағдайдың мәз емес екені белгілі. Статистиканы қайта-қайта айта беруден еш пайда жоқ. Бұл мәселені бәріміз күш біріктірсек қана шеше аламыз. Осы бағытта полиция департаменті мен қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары ауқымды жұмыс атқаруда. Соның бір дәлелі – қос тарап бүгін Заречный кентіне барып, шаһардағы балалар мен жасөспірімдер клубтарының арасында нашақорлыққа қарсы сайыс өткізді.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
— Нашақорлықпен күресуден жалықпаймыз. Жыл басынан қоғам дертінің алдын алуға арналған 50-ге жуық шара өткіздік. Бізді бәрінен бұрын оңы мен солын білмейтін жастардың есірткіге тәуелді болуы, түрмеге түсуі қынжылтады. Сондықтан, біз бүгін ұл-қыздарға нашақорлықтың салдары жайлы біршама мәлімет береміз.
Сайыс викторина түрінде өтті. Ойын барысында есірткіні сату немесе тұтынудың салдары жайлы айтылды. Соның барлығын естіген ұл-қыздар ойларына көп дүние түйіп, болашақта жаман әдеттен аулақ болады дегенге сенім мол. Сайыс жалғыз есірткінің алдын алу бағытында өткен жоқ. Салауатты өмір салты да кеңінен насихатталды. Белсенділік танытқандары бағалы сыйлықтарға ие болды.
АЛАН РАХЫМҒАЗЫ, “Балдырған” балалар-жасөспірімдер клубының тәрбиеленушісі:
— Маған шара қатты ұнады. Сұрақтарға дұрыс жауап беріп, сыйлық алдым. Спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан, салауатты өмір салтын ұстанамын. Футболды жаным сүйеді. Кумирім – Лионель Месси.
Мамандар баланың көңілі теріс бағытқа аумауы үшін уақытын пайдалы өткізуі қажет дейді. Бүгінде Петропавлда мектептен тыс жұмысқа арналған 23 орталық жұмыс істейді. Олардың ішінде спорттық, шығармашылық машықты дамытуға арналған үйірмелер бар.
Нұрасыл Ахмет