Мәдениет

Белгілі шебердің көрмесі

Шаһардағы “Ботай” ART-галереясында ҚР суретшілер одағының мүшесі, белгілі талант иесі Шамиль Гулиевтің жеке көрмесі қанат жайды. Өкінішке қарай, алматылық дарын денсаулық жағдайына байланысты бұл шараға қатыспады. Ашылу салтанатына қала тұрғындары, қонақтар мен жергілікті суретшілер, қолөнер шеберлері шақырылған. Олардың барлығы ерекше туындыларды тамашалап, таңданыстарын жасырмады.

ГҮЛІМ АЛПЫСБАЙ, Қостанай қаласының тұрғыны:

— Петропавл қаласына бірінші рет келіп отырмын. “Ботай” ART-галереясында осындай көрменің ұйымдастырылып жатқан сәтіне тап болғаныма өте қуаныштымын. Әр жұмыс өздігімен ерекше. Көрме жайлы интернеттен білдім.

Шамиль Гулиевтің өңірімізге қатысы бар. Ол алғаш асау үйретілген “Ботай” тұрағына ерекше қызығады. Көрмеге қойылған жұмыстарында жылқының көп бейнеленуі де сондықтан. Мұндай өнерге тамсанбау мүмкін емес. Шабыт иесі туындыларды бояп қана қоймаған. Киіз, былғары, қауырсын, жылтырақ тастар, моншақ, інжу және қабыршықтарды пайдаға жаратқан. Осылардың қосындысынан керемет еңбектер өмірге келген.

Көрменің негізін “Тұран маркалары” атты топтама құрайды. Әр туынды қазақ, қырғыз, башқұрт, саха және басқа да ұлттардың аңыздары негізінде жасалған. Яғни, қылқалам шебері түркі тілдес халықтардың өміріне айрықша назар аударған.

ДІЛНАЗ СМАҒҰЛ, “Ботай” ART-галереясының экскурсия жүргізушісі:

— “Тұран маркалары” – белгілі суретші Шамиль Гулиевтің ерекше топтамасы. Жұмыстар ассамбляж техникасындағы киізден, былғары, моншақ, ұлулардың қабыршықтарынан жасалған.

“Ботай” ART-галереясында әр 2 ай сайын көрме ауысып отырады. Яғни, мына жұмыстар 60 күн тұрады. Жаз уақытында мұнда адамдар көп келеді. Бір күнде мамандар 10-нан астам қонақ қабылдайды.

 

Мәдина Қаби