Қазір интернет-алаяқтармен қоғам болып күреспесек болмайды. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, бұл ретте бөрененің бір басын БАҚ өкілдері де ұстауы қажет. Тілші халықтың сенімді қалқанына айналуы тиіс. Сол үшін “Түркітілдес журналистер қоры” күш салып жатыр. Жақында ұйым Оралда журналистикадағы жасанды интеллект және медиа этика мәселесі бойынша семинар-тренинг өткізді. Маңызды ақпаратқа толы алқалы жиында әріптестерімізге ақпараттық қауіпсіздік төңірегінде мол мәлімет айтылды.
НӘЗИЯ ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ, “Түркітілдес журналистер қоры” ҚҚ президенті:
— Жасанды интеллект жұмысымызды жеңілдетті. Бірақ, фейк ақпараттар тарап жатыр. Бұл БАҚ-қа деген сенімнің азаюына әкеліп отыр. Сондықтан, журналистер ақпаратты бірнеше дереккөзден тексерулері қажет. Халықаралық журналистиканың негізгі принциптерінің бірі – верификация. Осы туралы және фактчекинг жайлы айтамыз.
Тілші қашан да шындықты алға тартуы тиіс. Демек, айтылғанның барлығы журналистерге қажет. Алаяқтықтың түрлері, зардабы жайлы жазатын, айтатын БАҚ және өзге де ұйымдардың өкілдеріне халық та құлақ асуы тиіс. Қазір аңдамасаң ойда-жоқта опық жеп қаласың.
РИНАТ ГУБАШЕВ, “Halyk Bank” АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары:
— Банк өкілдері адамдарды мұқият болуға шақырады. Ешқандай сілтемеге өтпеу, жеке деректерді ешкімге бермеу қажет. Алаяқтар қазір телефон арқылы да сөйлеседі. Тек расталған ақпарға сенген жөн.
“Түркітілдес журналистер қоры” биыл Қазақстанның 5 қаласында болып, БАҚ өкілдерінің білімін арттырмақшы. Келелі әңгіме, маңызды деректер айтылатын басқосуларға 200-ге жуық тілші, журналист қатысады.
Байболат Құлтанов