Сөнбей қалған темекі тұқылы, кәуәп пісіргеннен қалған шоқ, қураған шөпті жағу. Бұның бәрі алапат өрттің себебі болуы мүмкін. Қазір жайдарлы жазда жұрт табиғат аясында тынығуға асық. Бастары қосылған демалушылар оттың басына жиналуы мүмкін. Өңірде биыл адамның немқұрайлылығының салдарынан орманда 8 тұтану және 1 жану фактісі тіркеліпті. Өрт оқиғасы Айыртау ауданында ұлттық парк аумағында болған. Осы ретте табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары “Орманда от жақпаңыз!” деп дабыл қағуда.
АРТЕМ АНТЯСОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
— Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлесіп 42 арнайы топ құрылды. Олар орман алқаптарын тексереді. Мамандар кездестірген адамға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Ескертуге құлақ аспаған жандарға айыппұл салынады.
Орман алқабында қауіпсіздік ережесін сақтамаған жандарға 25 пен 250 АЕК аралығында айппұл салынады. Жыл басынан бері өңірде заңның ала жібін аттаған 17 адамға қатысты әкішілік хаттама толтырылған. Ереже бұзғандар 548 мың теңге өтеуі тиіс. 2 тұлға Қызылжар ауданында өткен кезекті рейд кезінде ұсталған. Сонымен қатар, тұрғындар рұқсат етілмеген жерде от жаққаннан бөлек, айналаны ластап кетуден арылуы міндетті. Себебі, қоқыс әсем табиғаттың көркін қашырады, қоршаған ортаға зиян келтіреді.
Ақтолқын Солтанханқызы