Жұмыс іздеген адам “Мансап” орталығына барып жүгінеді. Мұнда мамандар алдына келген жанның жасы мен қарым-қабілетіне қарай жұмыс орны қарастырылған бағдарлама ұсынады. Осы ретте жастар жағы “Жастар тәжірибесі” жобасының аса тиімді екенін жарыса айтуда. Дарья Ткаченко аталған бағдарлама бойынша алған біліміне сай кәсіп тапты. Қазір балаларды дамыту орталығының бірінде психолог болып қызмет етіп жүр.
ДАРЬЯ ТКАЧЕНКО, “Жастар тәжірибесі” бағдарламасының қатысушысы:
— Мен жергілікті университетте “Педагог-психолог” мамандығына оқыдым. Дипломды өткен жылы алдым. Жұмыс берушілердің көбі жұмыс іздеушіден бірнеше жылдық еңбек өтілінің болғанын талап етеді. Қолына жаңа ғана диплом алған адамда ол қайдан болсын? Осы ретте “Жастар тәжірибесі” бағдарламасының көп көмегі тиді. Әуелде жұмыс орнына сынақ мерзіміне келіп, соңында тұрақты түрде қабылдандым.
Облыста жыл басынан бері “Мансап” орталығы арқылы 4 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Соның 300-ге жуығы “Жастар тәжірибесі” арқылы тауыпты. Былтыр бұл сан екі есе көп болды. Бұл бағдарламаға қатысу үшін адамның жасы 18-ге толып, 35-тен аспауы қажет.
Жұмыс іздеушілердің арасында қолына жуырда ғана диплом алғандар аз емес. “Мансап” орталығы директорының орынбасары Алмагүл Рамазанованың айтуынша қазір жастардың көбі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Өйткені, бірі грант үшін оқуға түссе, енді біріне жалақысы аз. Ауыр еңбектен қашып, кеңсені таңдайтындар да баршылық.
АЛМАГҮЛ РАМАЗАНОВА, қалалық “Мансап” орталығы директорының орынбасары:
— Еңбек нарығында IT-мамандары тапшы. Жастардың дені заңгер және экономист болғысы келеді. Мұғалімдікке сұраныс зор. Қалауы мен қарым-қабілеті бойынша қызмет орнын тауып береміз. Тек ынталары болса болғаны. Мәселен, “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша қабылданған адам әуелі бір жыл практикалық тұрғыда жұмыс істейді. Жалақы алады. Кейін тұрақты түрде орналасып, айлық табысы да арта түседі.
Қазір түрлі технология дамыған заманда бұрын есігін қағып алатын қызмет те жақындай түсті. Жұмыс іздеген адам үйден шықпай-ақ skills.enbek.kz сайтын пайдаланып маман иесі атана алады. Мұнда 500-ге жуық оқыту курсы бар. Курсты да онлайн оқуға болады. Соңында кәсіпті меңгердіңіз деген сертификат беріледі. Соңғы бір жылдың ішінде 300-ден астам солтүстікқазақстандық жарты айлық оқыту курсына қатысып, шаштараз, аспаз, киім дизайнері атанған. Солардың бірі – Камеля Гаврилова.
КАМИЛЯ ГАВРИЛОВА, оқыту курсына қатысушы:
— Колледжді биыл тәмамдадым. Бірақ, мамандығым бойынша жұмыс істегім келмеді. Кондитер болғым келеді. Ертең бір апталық оқыту курсы басталады. Сосын білегімді сыбанып, басыма ақ қалпақ киіп бәліш пен торт пісіремін.
Қазіргі уақытта өңірдің еңбек нарығында 3 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Оның мыңнан астамы Петропавл қаласында.
Мәдина Қаби