Шіліңгір деп сипатталатын шілденің ортасына жетсек те солтүстік өңірде ауа райы жиі құбылып тұр. Кеше салқын болса, бүгін ыстық сезіледі. Жоғары температурада жұртшылық өзен-көлдерге ағылатыны түсінікті. Демалу үшін барған әр адам бірінші кезекте шомылуды емес, қауіпсіздікті ойлауы тиіс. Себебі, ойламаған жерден аһ ұрып, сан соғуға болады. Сандарды сөйлетейік. 5 жылда айдыны көп аққайыңдар өлкесінде 50-ге жуық суға бату жайты орын алған.
НҰРСҰЛТАН ТӨЛЕГЕН, СҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері:
— Соңғы 5 жылдың ішінде облыстың су айдындарында 46 жағдай тіркелді. Қаза тапқан адамдардың 10-ы – бала.
Балаларды қараусыз қалдырмау, мас күйде суға түспеу, рұқсат етілмеген жерде шомылмау. Қарапайым талаптар. Бірақ, адамдардың барлығы бірдей ережені ескермейді. Бұған дейін петропавлдықтар мен қонақтар Пестрое көлінде және қалалық жағажайда ыстықтан қорғанды. Ал биыл тізімнен Есіл өзенінің жағасы алынып тасталды.
НҰРСҰЛТАН ТӨЛЕГЕН, СҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері:
— Қалалық жағажай сумен шайылып кеткен. Асты лай болып тұр. Биыл ол жерде шомылуға болмайды.
Әр адамның өмірі өз қолында екенін ұмытпау қажет. Су қателікті кешірмейді. Мұны балалар да білуі тиіс. Ол үшін негізгі талаптарды ұл-қыздардың құлағына жиі құйған абзал.
Байболат Құлтанов