НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
— “Қарасай” стадионында кезекті теңбіл доп додасы өтіп жатыр. Бұл жолы алаңда – ерлер емес, әйелдер. “Қызылжар” футбол клубы “Қазақстан әйелдер лигасының” 13-туры аясында өз алаңында елордалық “Астана” командасын қабылдауда. Бұл матч теріскейлік ұжым үшін аса маңызды. Себебі, қыздарымыз жеңіске жету арқылы турнирлік кестеде үздік үштікке бір табан жақындайды.
Екі команда матчты сылбыр бастады. Әрине, ойын қарқыны ерлердікіндей емес. Бірақ, қос ұжым барын салуда. Бір-бірінің қателігін күтіп жүргендей. Ойын фавориті – теріскейлік команда. Бірақ, елордалықтарды есептен шығарып тастауға болмайды. Олар турнир бойы барлық қарсыластарына лайықты қарсылық көрсеткен. Матчтың 20-шы минутынан бастап ойын қыза түсті. Әсіресе, жергілікті ұжым қарқын алды. Қонақ команданың қақпасына шабуылдарды қарша боратты.
Сондай шабуылдардың бірінде “Қызылжар” футбол клубының шабуылшылары қарсыластың қорғаушыларын қапы қалдырып, есепті ашты. Гол авторы – Вероника Абдулаева.
Бірінші таймда 1-0 есебі сақталды. Шыны керек, бүгінгі ойынға келген жанкүйерлердің саны өте аз болды. Матчқа келген жандармен тілдестік. Олардың көбі жергілікті команданың ойыны көңілден шықпай жатқанын тілге тиек етті. Бірақ, сүйікті командасына соңына дейін жанкүйерлік етіп, кемінде 3 доп айырмасымен жеңіске жететінін жеткізді.
Екінші таймда қарсыластар бір-біріне дес бермеді. Алаңнын әр бөлігінде допқа талас қызу болды. Бірақ, есеп сол күйінде қалды. “Қызылжар” әйелдер футбол клубы қоржынға 3 ұпайды салды. Жеңіске жетуінің нәтижесінде жергілікті команда турнирлік кестеде 25 ұпаймен 5-ші орынға көтерілді. Үздік үштікті түйіндеп тұрған командадан тек 3 ұпайға ғана қалып тұр.
Нұрасыл Ахмет