Петропавлдық Ақмарал Рүстемова күнде көз жасын көл қылады. Азаматша алаяқтарға жем болған. Оның жеке деректері арқылы еліміздің коммерциялық банктерінің бірінен несие алыныпты. Операция кеше-бүгін емес, осыдан 2 жыл бұрын жүзеге асқан. Бұдан жерлесіміз хабарсыз. Жайсыз хабар осыдан 3 ай бұрын ғана жеткен. Қала ішінде қатынайтын автобуста зейнеткердің төлемі өтпепті. Мұның мән-жайын анықтау үшін қаржы ұйымына барған. Мұндағы қызметкерлер өзге банктегі әрекеттердің кесірінен картаның бұғатталғанын, әзірге зейнетақы аударылмайтынын айтқан.
АҚМАРАЛ РҮСТЕМОВА, “Бірлік” ықшам ауданының тұрғыны:
— Менің ИИН-ім арқылы 2 виртуалды карта ашылған. Соған ақша алынған. Мен оны білген жоқпын. 2023 жылдан бері білмедім. Мамыр айында картамды блоктап тастады. Енді зейнетақы ала алмай отырмын.
Облыстық балалар ауруханасынан зейнетке шыққан Ақмарал Рүстемованың зейнетақысы 100 мыңның маңайында. Ақшаны үнемдеп жұмсайтын азаматша бұрын кірісті барлығына жеткізіп жүріпті. Ал қазір қаржылық қиындық жанды жегідей жеп бара жатыр. Тұрмыстық шығындардан басқа өзі алған несие де бар.
АҚМАРАЛ РҮСТЕМОВА, “Бірлік” ықшам ауданының тұрғыны:
— Оның да кредиті бар, менің де кредитім бар. Жолдасымның зейнетақысына күн көріп отырмыз. Көкөніс өсіре алмадық. Қысқыға барлығын сатып алу қажет.
Еңсесі түскен зейнеткер мәселені шешу жолдарын іздеген. Қалтасындағы соңғы ақшасына Астанаға барып, коммерциялық банктің филиалына кіріпті. Ондағылар Алматыдағы орталыққа жүгіну қажеттігін айтқан. Бұған мүмкіндік жоқ. Бұдан соң тәртіп сақшыларымен және заңгерлермен тілдесіпті. Соңғылары прокурорларға сілтеген. Қуанышымызға орай, қадағалау органының өкілдері мәселені бақылауға алған.
Байболат Құлтанов