Мәдениет

«Үздік ауылдық мәдениет мекемесі – 2025» байқауы мәресіне жеттті

Петропавлда қала күніне орай көркемөнерпаздар ұжымдары арасында облыстық байқаудың гала-концерті өтті. Өнер ұжымдары «Үздік ауылдық мәдениет мекемесі – 2025» атағы үшін бақ сынады. Іс-шара Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында ұйымдастырылды. Зал көрерменге лық толды. Қорытынды кешті тамашалауға облыс әкімі, аудан әкімдері, қоғам өкілдері мен өңір тұрғындары жиналды.

Аймақтың түкпір-түкпірінен келген таланттар вокал, хореография және аспаптық орындаушылық бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Марапаттау рәсіміне ҚР Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина қатысты. Байқау қорытындысы бойынша Ғабит Мүсірепов ауданының ұжымы бас жүлденің иегері атанды. Жеңімпаздарға марапатты Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов табыстады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Ғабит Мүсірепов ауданының өкілдеріне басты сыйлық – «Газель NEXT» шағын автобусы табысталды. Ұжым мүшелері облыс басшылығының қолдауы оларды ауылдық жердегі өнерді одан әрі дамытуға ынталандыратынын айтты.

НАТАЛЬЯ СИНДЯКИНА, Ғ. Мүсірепов аудандық мәдениет үйінің директоры:

Ең алдымен, облыс әкімі Ғауез Торсанұлына шығармашылықты қолдағаны үшін зор алғысымды білдіремін. Біз бүгін 3 нөмір алып келдік. Халықтық «Конфити» ансамблі көрермен назарына орыс биін ұсынды. Меніңше, әр ауданда өнерді, мәдениетті дамытуға зор мүмкіндік бар. Алдағы байқауларда жүлделі орындарға басқа ұжымдар, өзге аудандар да ие болады деген сенімдеміз.

«Ел іші – өнер кеніші» демекші, мұндай байқаулар ауылдан шыққан талантты өнерпаздарды анықтауға және қолдауға зор септігін тигізеді. Конкурс келесі жылы да өтеді.

 

Ақтолқын Солтанханқызы