Бұл – “Ойқала” шағын ауданында жаңадан салынған балалар алаңқайы. Алыстан көз тартатын жерде ұл-қыздар асыр салады. Бүгінде мұндағы тұрғындар өткен күндерді ұмытқан, алға сеніммен қарайды.
ОЛЬГА ПОПОВА, “Ойқала” шағын ауданының тұрғыны:
— Иә, біз өте ауыр сынақты бастан өткердік. Тасқын кезінде өміріміз күрт өзгерді. Апаттан кейін де біраз ес жия алмадық. Ал қазір жағдайымыз жақсы. Қолдаудың арқасында далада қалмадық. “Ойқала” шағын ауданы да абаттандырылып жатыр. Көркейту жұмыстарына қатысқан барлық жанға алғысымды білдіремін.
ЕЛЕНА ШИЛОВА, “Ойқала” шағын ауданының тұрғыны:
— Бұл жерде 18 жылдан бері тұрамын. Былтырғы қиындықты еске де алғым келмейді. Елімізде тек осындай оң өзгеріс болсын. Балаларымыз өте қуанышты, осы жерге күнде келіп, алаңсыз ойнайды.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, былтыр апатты үйлер бұзылып, тұрғындар көшірілді. Ал биыл – абаттандыру жылы. Айта кетерлігі, жаңарту жобаларына бюджет қаржысы жұмсалған жоқ.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Бұл жерде тұрғындардың 50 пайызы көшірілді. Өткен жылы ауқымды жұмыс атқарылды – үйлер бұзылып, адамдарды жаңа орынға қоныстандырдық. Ал биыл сол аумақтарды тазалап, абаттандыру шараларын жалғастырып жатырмыз. 74 гектар аумақта 74 саяжол салынады. Бұл жұмыстарға бюджет қаржысынан бір тиын да жұмсалмайды.
Облыстың 13 ауданы мен Петропавл қаласының әкімдігі бірігіп, 74 жерде абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. “Ойқала” шағын ауданындағы алғашқы саяжол бір айда салынды. Әлеуметтік жауапкершілік аясында Тайынша ауданының кәсіпкерлері балалар ойын алаңын салуға көмек көрсетті. Іске 20 миллион теңге бағытталған.
ӘДІЛЕТ РАХЫМЖАНОВ, Тайынша ауданы әкімінің орынбасары:
— Біз 500 шаршы метр болатын аумақты қамтыдық. Бұрын бұл жер бос жатты. Бір айдың ішінде адам танымастай өзгерттік. Мұнда шағын архитектуралық формалар орнатылды, балалар ойын алаңы толығымен жабдықталды. Мың түп гүл егілді. 180 шаршы метрге кеспетас төселді. Пайдаланылған құрылыс материалдары – жергілікті өнім. Оларды Петропавл қаласынан сатып алдық.
Бұл – ықшам аудандағы жаңа өмірдің, оң өзгерістің бастамасы. Алда уақытта “Ойқала” одан әрі құлпыра түседі.
Ақтолқын Солтанханқызы