Петропавлда тұрғындар үш күн бойы тамашалаған “Qyzyljar music fest” фестивалінің жабылу салтанаты өтті. Алдымен сахнаға облыстық Ақан сері атындағы филармонияның әртістері шығып, өнер көрсетті. Одан әрі опера әндері шырқалды. Фестивальға елордадан арнайы ат терлетіп келген “Астана Опера” театрының әртістері кезектесе отырып, зор дауысымен дүйім жұртқа өнерлерін паш етті.
ТАТЬЯНА ВИНИЦКАЯ, “Астана Опера” театрының солисі:
— Бүгін мен өзімнің сүйікті “Кармен” операсындағы Хабанера туындысын орындаймын. Бұл әнді ерекше ұнатамын және жиі айтамын. Одан бөлек әріптестерімнің де халыққа арнайтын өнері аз емес. Петропавл – қонақжай қала. Бізді құшақ жая қарсы алған көрерменге ризашылығымызды білдіреміз.
Сәлден соң сахнаға көрермен асыға күткен Садраддин шықты. Әншіні қалың жұрт ду қол шапалақпен қарсы алды. “Қанша күн?”, “Үйге”, “Айға қарап”, “Жауап бар ма?” және тағы бірнеше танымал әндерін орындап, жастарға ерекше көңіл күй сыйлады.
Мәдина Қаби