Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениет

Петропавл – тарихи және шабыт шақыратын шаһар

Тарихы 3 ғасырға таяп қалған Петропавлдың көпшілік біле бермейтін сырлары өте көп. Соғыс жылдары ортақ үйіміз саналатын шаһарға жан-жақтан өндіріс орындары көшірілгені мәлім. Ал авиация училищесі көшірілгенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Қала күніне орай жергілікті Ассамблея қабырғасында тағылымдық конференция өтті. Дәстүрлі жиында физика-математика ғылымдарының кандидаты, астрономия ғылымдарының доценті, өлкетанушы Андрей Солодовник маңызды тарихи дерекпен бөлісті.

ТАМАРА РОДНАЯ, «Қазақстанның орыс қауымдастығы» ҚБ СҚОФ төрағасының орынбасары:

— Соғыс жылдары Петропавлдың “Борки” ықшам ауданында авиация училищесі болған. Ол туралы деректер өте аз. Көп адам біле қоймайды, сондықтар ел ішінде аса айтылмайды. Бірақ, бізге қаламызда 2 жыл авиомеханиктер даярланғаны мәлім. Бұл үнемі ізденіс үстінде жүретін Андрей Андреевич сынды азаматтардың арқасы деп білуіміз қажет. Биыл – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Бүгінгі дөңгелек үстел жиынын осы маңызды мерейтойға және соғыс кезеңіндегі Петропавлдың өміріне арнадық.

“Қала тарихы: адамдар, оқиғалар, маңызды күндер” атты жиында бұдан өзге де деректер айтылды. Жиналған қауым – өңіріміздің, облыс орталығының патриоттары. Олар Петропавлды ерекше жақсы көреді. Ән салып тұрған – Пеньков орта мектебінің музыка пәні мұғалімі Қайрат Бламбаев. Орындаушы – туындының авторы. Шығарма сағыныштан өмірге келіпті.

ҚАЙРАТ БЛАМБАЕВ, Пеньков орта мектебінің музыка пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы:

— Бұл ән 2009 жылы жазылды. Ерекше жақсы көретін Петропавлдан жырақта жүрген едім, бір күні шабыт қысып, көмейіме “Өзіңнен алысқа кетіп, жүрегім жай таппады” деген жыр жолдары келді. Солай туындым өмірге келді. Клип түсірдік, көпшіліктің көңілінен шықты. Әлі күнге дейін жақсы пікірлер естіп тұрамын. Ал былтыр әннің ремикс нұсқасын шығаруды жөн көрдім. Биге арналған нұсқа да өзіме және тыңдарман қауымға ұнады.

Тарихқа, шығармашылыққа құштар жандардың басқосуы бірнеше сағатқа созылды. Жерлестеріміз қаламыздың болашағы мен өткені жайлы біраз әңгімеледі, алдағы уақытта жүзеге асыру үшін жоспар құрды.

 

Байболат Құлтанов