Жаңа саябақ былтырғы су тасқынынан зардап шеккен аумақтарды абаттандыру мақсатында салынған. Мұнда тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Үлкендер скверде таза ауада тынығып, ән шырқап, көңіл көтерсе, кішкентай балалар батпырауық ұшырып мәз.
ҚАЙЫРГЕЛДІ СМАҒҰЛОВ, Уәлиханов ауданының тұрғыны:
— Біздің Уәлиханов ауданы салып жатқан сквер осы. Ауданымыз баршасына жақсы көрсеткіш болып жатыр. Еңбектері жемісті болсын. Бала-шағасы аман болсын. Елге істеген қызметі әрқашан алдарынан шықсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Сергей Черкасов – Ойқала шағын ауданында 2006 жылдан бері тұрады. Қала тұрғыны үйінің аумағында жаңа саябақ салынғанына қуанышты.
СЕРГЕЙ ЧЕРКАСОВ, қала тұрғыны:
— Мұнда Уәлиханов ауданының жігіттері жақсы жұмыс істеді. Тасқыннан соң келіп, бізге осындай керемет саябақ салып берді. Алғысымыз шексіз. Барлық аудандарға рахметімізді айтамыз. Ойқала шағын ауданымызға өң кіргендей болды.
Қазіргі таңда Ойқаладағы саябақта абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Шағын аудандағы скверде балаларға футболмен айналысуға мүмкіндік беретін су жаңа стадион да салынған. Облыс әкімінің сөзінше, шағын ауданды абаттандыру және дамыту жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта футзалға арналған екі модульдік спортзал салынады.