Ойқала мен Былғары зауыты кенті – былтырғы тасқын кезінде ең көп зардап шеккен елді мекендердің бірі. Қазіргі таңда бұл аумақтарда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жергілікті әкімдік өкілдері мұндағы бұзылған үйлердің орнына 74 демалыс алаңын салып берді.
Былғары зауыты кентінде салынған жаңа демалыс алаңында қала күні аталып өтті. Балалардың қуанышында шек жоқ. Оларға орнап қалалық мәдениет үйінің әртістері ерекше концерттік бағдарлама дайындаған. Сондай-ақ, ұл-қыздарға тегін балмұздақ таратылды.
Қазір мұнда мүлдем басқа көрініс. Айнала ажарлана түскен. Жобаны жүзеге асыруға аудан әкімдіктері де жұмылдырылған. Жергілікті кәсіпкерлер де өзара жиналып үлесін қосқан. Елді мекенде балаларға арналған футбол алаңы, түрлі әткеншектер бар. Егде адамдардың тынығуларына да бар жағдай жасалған. Ұл-қыздар өздері тұрып жатқан елді мекенде осындай жаңашылдықтың болғанына дән риза. Қуаныштарында шек жоқ. Аға буын өкілдері де атқарылған жұмысты жоғары бағалады.
Мына асыр салып ойнап жүрген балаларды қала күнімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады. Ол жеткіншектердің әрбіреуімен тілдесіп, жүрекжарды тілегін білдірді. Сондай-ақ, жаңадан салынған сквердің жағдайымен танысты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Мына асыр салып ойнап жүрген балалардың барлығы – еліміздің болашағы. Оларға бар жағдайды жасауымыз қажет. Сондықтан, кішкентай ұл-қыздарға арналған әр нысан сапалы салынғанын қалаймын. Жеткіншектерге бақытты балалық шақ жасау – біздің міндетіміз.
Былғары зауыты кенті әлі де ажарлана түседі. Тұрғындардың таза ауамен тыныстауы үшін түрлі жасыл желектер отырғызылады. Тағы да біршама ойын алаңы салынады. Жоспар ауқымды. Ең бастысы, сапа жағын ескерген жөн. Ғауез Торсанұлы халық игілігіне арналған істің әрбіреуі ұдайы бақылауда болатынын, олқылықтар табылса, жауапты жандар жазаланатынын жеткізді.
Нұрасыл Ахмет