Білім

Қозыбаев университетінде грантқа өтініш қабылдау басталды

Қозыбаев университетінің есігі талапкерлерге айқара ашық. Шілденің 13-і күні жергілікті білім ошағында грант конкурсына құжат қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады. Білікті мамандар осы айдың 20-сына дейін білім нәрімен сусындаймын деген әр талапкерге қызмет көрсетеді.

АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі:

— Биыл мемлекет тарапынан 79 мың білім гранты бөлінді. Соның мыңнан астамы біздің университетке бағытталды. Педагогикалық квота бойынша 300 грант беріледі.

Жергілікті білім ордасының мамандары жыл бойы еліміздің түкпір-түкпірін аралап, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Сол себепті, биыл университетке түсетін талапкерлердің саны өткен жылға қарағанда көп болады деп күтілуде. Айта кету керек, өңіріміздегі жалғыз оқу орнының қабылдау комиссиясы Түркістан, Шымкент, Ақтау, Қызылорда қалаларында да жұмыс істеп тұр. Бұл онтүстік пен батыстық ұл-қыздардың мыңдаған шақырым еңсеріп, әрі-бері жүрмеуі үшін жасалған.

АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі:

— Қозыбаев университеті әрдайым жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Өздеріңіз білесіздер, білім ордасы 2022 жылдан бері Аризона университетімен тығыз байланыста. Студенттеріміз 7-ші семестрде Америкаға барып оқи алады.

Кез келген талапкерді жатақхана мәселесі алаңдататыны сөзсіз. Қозыбаев университінің студенттеріне бұл жайлы уайымдаудың еш қажеті жоқ. 2024 жылдың соңында білім ордасының 1200 орынға шақталған қос зәулім, заманауи жатақханасы қолданысқа берілген болатын.

Демалыс күні болса да келген талапкерлердің қарасы қалың болды. Бір айта кететіні, нысан ішінде бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқ. Ұл-қыздар бұрынғыдай талон алып сандалып жүрмеді. Смартфоны арқылы “QR” кодты сканерлеп, сауалнаманы толтыру арқылы кезекке тұрды. Тиісінше, шақыру хабарламасы талапкердің электрондық поштасына келіп түсті.

ЯСМИНА ЮЛДАШЕВА, талапкер:

— Петропавлға арман қуып Түркістан облысынан келдім. Құжатымды “Ақпараттық технологиялар” мамандығына тапсырдым. Әлеуметтік желіден Қозыбаев университетінде оқып жүріп Америкаға баруға болатынын естідім. Сол себепті, аталған білім ордасын таңдадым. Қызылжарға бірінші рет келіп тұрмын. Маған бәрінен бұрын теріскейдің табиғаты ұнады.

Айта кету керек, білім ордасында шілде айының басында шығармашылық емтихан тапсыруға құжат қабылданған болатын. Аталған бағыт бойынша 350-ден астам талапкерден өтініш түскен екен.

 

Нұрасыл Ахмет