Қоғам

“Кішкентай Петропавл аруы-2025” байқауы өтті

“Кішкентай Петропавл аруы-2025”. Облыс орталығында қала күнінде осындай атаумен кішкентай қыздар арасында байқау өтті. Талантты балғындардың басы тоғысқан байқауға 10 қыз қатысты. Бірінші турда бұрымдылар сән көрсетілімін көрсетті. Ортаға шығып, тұрғындарды ерекше киімдерімен таңдай қақтырды.

ЕЛАНА ҚҰРМАШ, байқауға қатысушы:

— Байқауға дайындалуға әпкем көмектесті. Өзім бимен айналысамын. Қазір испан биін билеймін. Әпкем екеуіміз ойластырған би көрермен мен қазылар алқасының көңілінен шығады деген ойдамын. Бірінші орын бұйырмай жатса, мұңаймаймын. Себебі, менің алда бағындыратын белестерім көп.

Сахнада тек кішкентай арулар ғана өнер көрсетіп қойған жоқ, өзге өнерпаздар да өнерлерін ортаға салды. Сахнада думандата ән де шырқалды, мың бұрала би де биленді.

АЙХАНЫМ СЕЙТЖАН, “Балдәурен” вокалдық ансамблінің мүшесі:

— Біз “Менің қалам” әнін орындадық. Халықтың көңілінен шықты деп ойлаймыз. Ұжымға осы жылы 5 жыл толады.

Кішкентай арулар арасындағы байқау шаһарда осымен 5-ші жыл қатарынан өтіп жатыр. Қатысушыларды арнайы сән, өнер саласында жүрген жандар бағалады. Қыздардың өнеріне баға беру оларға оңайға соқпады. Себебі, талатты жастардың өнері бір-бірінен асып түседі.

ЭЛЬМИРА АЛИМБЕКОВА, қалалық мәдениет үйінің балалармен жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі:

— Қыздардың байқауға деген ынталары жоғары. Өнерлеріне тәнті болып отырмыз. Жақсы дайындықпен келгендері көрініп тұр. Олар үш кезеңнен өтеді. Біріншісі сән көрсетілімі болса, екіншісі – шығармашылылық өнер. Яғни, би билейді, ән шырқайды немесе акробатикалық өнер көрсетеді. Соңғы кезең “Көпұлтты қала” деп аталады. Онда қыздар бір ұлттың тағамын әзірлеп, салт-дәстүрін көрсетеді.

Байқау жүлдегерлері ақшалай сыйлықтарға ие болды. Үшінші орынға – 30 мың, екінші орынға – 50 мың, ал жеңімпаз атанған Айзере Қабдулова 70 мыңды қанжығасына байлады.

 

Мәдина Қаби