ҚоғамМәдениет

Бірнеше солтүстікқазақстандық «Құрметті азамат» атағын алды

Қала күні аясында Петропавлдың қақ ортасында салтанатты шара ұйымдастырылды. Думанға халық көп жиылды. Дүйім жұртты атаулы датамен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады. Облыс әкімі шаһардың дамуына зор үлесін қосып жүрген әрбір азаматқа алғысын білдірді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Биыл облыс орталығына 273 жыл толып отыр. Петропавл – тарихы бай, мәдениеті мен дәстүрі қалыптасқан солтүстік өңірдің жүрегі саналатын киелі қала. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлердің дамуына, әсіресе облыс орталықтарына ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті. Бүгінгі таңда біздің қалада жаңа жобалар мен бастамалар жүзеге асуда.

Салтанатты шара барысында бірқатар солтүстікқазақстандық «Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын алды. Олар: белгілі диқан Геннадий Зенченко, атақты профессор Зарқын Тайшыбай және жол саласының ардагері Виктор Ли. Сондай-ақ, осы күні «Петропавл қаласының құрметті азаматы» атағы профессор Андрей Солодовникке, еңбек ардагерлері Амангелді Кенжеғозинов пен Сара Тасеменоваға берілді. Кеш концерттік шарамен және мерекелік отшашумен аяқталды.

 

Мәдина Қаби