Қоғам

Су тасқыны кезінде көмек көрсеткен курсанттар марапатталды

Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясының курсанттары – берік қалқан. Жалынды жастарға осындай теңеу айтсақ жарасады. Болашақ офицерлер биылғы көктемде ерледі. Тәуліктеп толарсақтан саз, тізеден су кешкен жігіттер тасқынға тосқауыл болды.

Маңдайдан шелектеп тер төккен ел қорғандарын марапаттау рәсімі жалғасып жатыр. Шаһар күні қарсаңында білім ордасында қала әкімінің қатысуымен салтанатты шара өтті. Мінберге шыққан Серік Мұхамедиев аянбаған курсанттарға алғыс білдірді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

Біз үшін қиын-қыстау кезең туғанда сіздер нағыз ерлік көрсеттіңіздер. Су тасқыны тұтас өңіріміз үшін үлкен сынақ болды. Осы сәтте жұдырықтай жұмылдық. Әскерилер мен курсанттардың еңбегі – көпшілікке үлгі. Ел басына күн туған шақта сақадай сай екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Баршаңызға алғыс айтамын!

Құттықтау сөзден соң марапаттау рәсімінің кезегі келді. Қала әкімі бір топ жасқа Алғыс хат табыс етті. Алғыс хатты 20-ға жуық 1-ші курс курсанты алды. Солардың бірі – Нұрсат Бекжан. Бозбала – Алматы облысының тумасы. Ол Тепличное ауылының маңындағы бөгетті нығайту жұмыстарына қатысқан.

НҰРСАТ БЕКЖАН, ҚР ҰҰ академиясының курсанты:

— Бұл біздің басты міндетіміз, парызымыз деп ойлаймын. Бүгін еңбегіміздің еленгеніне алғыс білдіремін.

Айта кеткен жөн, бүгінде Ұлттық Ұлан академиясында 700-ге жуық курсант білім алады. Қазір білім ордасына оқуға қабылдау жүріп жатыр. Науқан шілденің 15-ші жұлдызына дейін жалғасады.

 

Ақтолқын Солтанханқызы