Облыста әрлі-берлі зулайтын көлік саны күннен-күнге артуда. Орталықтарда қозғалыс түнгі уақытта да тоқтамайды. “Бес саусақ бірдей емес” дегендей, жолда әртүрлі жүргізушіні көресің. Олардың кейбірі жылдамдықты арттыратыны, қарсы қозғалыс жолағына шығатыны немесе маневр жасау ережесін бұзатыны жасырын емес. Бұл апатқа әкеліп жатыр. Мысалы, аймақта жайсыз оқиғалардың 89,6% тізгіндегі тұлғалардың кінәсінен орын алған.
ӘЛІБЕК ҒАБДУЛЛИН, СҚО ПД ЖПҚБ бастығы:
— Ағымдағы жылдың басынан бастап өңір аумағында 242 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Нәтижесінде 16 адам қаза тауып, 330 адам түрлі деңгейдегі жарақат алды. Жекелей тоқталсақ, 212 апат жүргізушілердің кінәсінен болды. Салдарынан 15 тұлға ажал құшты. Ал жарақат алғандардың саны 293 адамды құрайды. Балалардың қатысуымен 56 жағдай тіркелді. Өкінішке қарай, 2 бала көз жұмды.
Тәртіпсіз жүргізушілердің бір түрі – жолда жарыс ұйымдастыратындар. Олардың кейбірі табыс табу мақсатында ұшқан құстай зулайды. Сонда рөлдегі тұлға өзінің де, жолаушының да және басқаның да өмірін ойлап отырған жоқ. Жалпыға ортақ талапты еске салайық!
ӘЛІБЕК ҒАБДУЛЛИН, СҚО ПД ЖПҚБ бастығы:
— Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес елді мекендерде көліктер үшін рұқсат етілген жылдамдық – сағатына 60 шақырым. Ал автобустар үшін 50-ді құрайды. Жылдамдықты асырғандар заң аясында жазаға тартылады. Оларға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592-бабы бойынша айыппұл салынады. Оның көлемі 5 АЕК-ті құрайды.
Ішімдік іштің бе, темір тұлпар жүргізбе! Осы қағида айтылғалы біраз болды. Әлі көштің түзелетін түрі жоқ. Сорақысы сол, тәртіп сақшылары қоғамдық көлікті де мас күйде басқарған жүргізушілерді анықтап жатыр.
ӘЛІБЕК ҒАБДУЛЛИН, СҚО ПД ЖПҚБ бастығы:
— Мысалы, «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Айыртау ауданында «Саумалкөл-Новоукраинка» бағыты бойынша қатынайтын автобустың жүргізушісі тоқтатылды. Оның орташа деңгейде мас екенін анықталды. Азамат 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Жаяу жүргіншілер де абай болу қажет. Жолдың келесі бетіне арнайы жолақ арқылы өтер кезде жан-жаққа қарап алған абзал. Әсіресе, мұны құлаққап тағып жүретін жастар ескеруі тиіс.
Байболат Құлтанов