Мәдениет

Петропавлда “Qyzyljar music fest” фестивалінің ашылу салтанаты өтті

Петропавлда “Qyzyljar music fest” фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Бірнеше күнге жалғасатын ауқымды шараның шымылдығын бірінші болып мың бұрала билеген бишілер ашты.

Сахнада тек петропавлдық қана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен және көрші Ресейден келген бишілер өнер көрсетуде. Жастар ең алдымен өзара батл ұйымдастырып жарысты. Жанр әртүрлі, біреуі брейк билесе, енді бірі old style биін паш етті.

Әрине, кез келген әнге бірден би қимылдарын ойластыру оңай емес. Бірақ, жастардың біразы қойылған шартты лезде орындады. Арасында дұрыс билей алмағандары қатардан шығып отырды. Талантты ұл-қыздардың өнеріне қарасаң көз сүйсінеді. Заманауи әндерге мың бұрала отырып жерде баспен айналғанда ұршық па дермісің?

ЕСМҰХАМЕД ИМАМБАЕВ, “Станцыя” би студиясының жетекшісі:

—Өнерде шектеу жоқ. Батлға еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қатыса алады. Дарынды жастар бас қосқан жерде жаңа идеялар пайда болады. Бұл тәжірибе алмасуға жақсы әрі өңірде би өнерінің деңгейін таразылау үшін зор мүмкіндік деп ойлаймын.

Орталық алаңға қалың қауым жиылды. Бірі концерттік шараны тамашалауға достарымен бірге келсе, енді бірі түгел отбасымен жүр. Заманауи реңкпен ұйымдастырылған концерттік шара көрерменнің көңілінен шықты. Жерлестеріміз концерттік бағдарламаны төрт күн қатарынан тамашалай алады. Алдағы күндері елімізге танымал эстрада жұлдыздары да келмек.

 

Мәдина Қаби