Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғамМәдениет

Облыс орталығында “Ботай” монументі ашылды

Петропавлдың 273 жылдығына орай шаһардың кіреберісінде “Ботай” археологиялық ескерткішіне арналған монументалды өнер құрылысы ашылды. Жиын барысында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов шараның маңыздылығына тоқталды.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Бүгін біз үшін тарихи маңызы зор айтулы күн. “Ботай” археологиялық ескерткішіне арналған монументалды өнер құрылысының салтанатты ашылуы – халқымыздың көне өркениетін ұлықтау мен тарихымызды ұрпақ санасына сіңіру жолында маңызды қадам.

Монументтің шымылдығын ашу құрметі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құдайберген Қалиев пен профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Анатолий Плешаковқа берілді. Бұл ескерткіштің тарихы тереңде жатыр. Монумент – өңірде алғаш рет жылқының қолға үйретілгенінің символы. Оған сонау энеолит дәуірі, “Ботай” тұрағынан табылған қалдықтар дәлел. Бұл экспедицияның басы-қасында жүрген тарих ғылымдарының кандидаты Анатолий Плешаковтың еңбегі орасан.

АНАТОЛИЙ ПЛЕШАКОВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты:

— Біз энеолит дәуіріне тиесілі “Ботай” тұрағының біздің облыста болғанына қуаныштымыз. Тарихи орынды анықтау оңайға соқпады. Біз жан-жақтан ақпарат алып, өзіміздің болжамдарға сүйеніп, Айыртау ауданына бардық. Сол төңіректен құнды дүниелер табылды. Үйге бір сөмке артефактпен оралдық. Бұл тарихи жаңалық болды.

Монументтің биіктігі 14 метрді құрайды. Төменгі бөлігі граниттен қашалса, жоғарғы жағы, яғни ат, ер адамның бейнесі, жер шары мен таңбалы тастар қоладан жасалған. Ескерткіштің авторлары – Мұрат Садықов, Асқар Нартов және Жалын Бауырқан деген азаматтар. Өнер иелерінің айтуынша монументте терең мән-мағына жатыр.

ЖАЛЫН БАУЫРҚАН, мүсінші:

Композициялық құрылымы өте күрделі шешім тапқан. Үш түрлі тұғырдан тұрады. Астындағы жер шары Қызылжарда алғаш рет жылқы үйретілгенін, әлем мойындағанын бейнелейді. Сонымен қоса, тарихымыздағы таңбалы тастарымыз бар.

Сонымен қатар, аумақ абаттандырылған. Монумент маңы гүлмен көмкеріліп, жанына орындықтар қойылған.

 

Ақтолқын Солтанханқызы