НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
— Маусымның 23-і күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” заңға қол қойды. Бұл құжат аясында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның 2 мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қазір біз тарихи сәттің куәсі болмақпыз. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №50 мекемеден немесе әйелдер колониясынан сотталған алғашқы нәзікжанды босап, жақындарымен қауышады.
43 жастағы өңір тұрғыны ұрлыққа барған. Сол үшін 9 айға сотталыпты. Араға 60 күн салып темір есік қайта ашылды. Жаңа заңға байланысты жаза мерзімі 7 айға қысқарған.
— Мен істеген ісіме қатты өкінемін. Бұл жерге енді қайтып келмеймін. Темір тордың ар жағында бостандықтың қадірін ұғындым. Өмірлік сабақ алдым. Отбасымды сағындым. Рақымшылыққа іліккеніме өте қуаныштымын. Президентке алғыс білдіремін.
Жаңа құжат негізінде жазасын өтеушілердің істері мұқият қаралады. Соның қорытындысы бойынша шешім шығады. Ең алдымен әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни баласы бар әйелдерге, қарттарға, кәмелет жасына толмағандарға және қоғамға зияны жоқ бірінші рет сотталған адамдарға кешірім беріледі.
НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
— Қазіргі таңда өңірдегі түзету мекемелерінде 1700-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Алдын ала есептеулерге сүйенсек, 250-ге тарта сотталған бостандыққа шығады. Соның 60-қа жуығы – нәзікжанды. Қамаудағы жақынына алаңдаған жандарға айтарымыз, тұлғаның бостандыққа шығатынын жауапты адамдар алдын ала қоңырау шалу арқылы хабарлайды.
Нұрасыл Ахмет