Аптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

Биыл Айыртау ауданында құрғақ саумал өндіретін кәсіпорын ашылады

“Ауыл” партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев жұмыс сапарымен Айыртау ауданында болды. Ол ең алдымен Кутузовка елді мекенінде салынып жатқан құрғақ саумал өндіретін ферманың құрылысымен танысты. Бұл – инвестициялық жоба. Құны – 3,2 млрд теңге. Игі бастаманы қостанайлық компания жүзеге асыруда. Кәсіпорын басшылығы құйылған қаржының тең жартысын республикалық ӘКК-ден алған.

Құрылыс өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Маңызды іспен қостанайлық серіктестік айналысуда. Қазіргі таңда барлық жұмыстың 75 пайызы аяқталған. Өндіріс орны іске қосылысымен еліміздегі медициналық мекемелерді табиғи таза саумалмен қамтитын болады. Айта кету керек, бие сүті – өкпе, асқазан ауруларын емдейді, иммунитетті көтеруге зор септігін тигізеді.

АЛТЫНБЕК МАҒЫМОВ, Айыртау аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

— Нысан 400 басқа шақталған. Бастапқы кезеңде мұнда 200 үйретілген сауын биесі әкелінеді. Игі бастаманың арқасында 16 адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпорын қыркүйек айында қолданысқа беріледі. Қондырғылардың барлығы Германиядан әкелінеді.

Серік Рахметтоллаұлы барған келесі нысан – аудандағы шоқтығы биік “Саумалкөл Агро” серіктестігі. Партия төрағасы мұнда шаруашылық ұжымымен кездесті. Ұйымның іске асырып жатқан жобалары жайлы баян етті. Оның ішінде “Қаз хабы” жобасын тілге тиек еткен жөн. Сонымен қатар, жүздесу барысында министрліктің кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіліп жатқандығы жайлы айтылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен жылы “Кең дала 2” жобасын іске қосқан болатын. Игі бастама аясында көктемгі және күзгі жұмыстарға 5 пайыздық үстемеақымен ғана несие беріледі. Бұрын фермер 100 пайыздық кепіл ұсынды. Қазір қарыздың 15 пайызына ғана кепіл қажет. Қалған 85 пайызды “Даму” қоры кепілдендіреді. Бұл жаңашылдықтың шағын кәсіпке де қатысы бар. Ұйым төрағасы бастаған топ жиналған қауымға осы сияқты қолдаулар жайлы кеңінен айтып берді. Кездесу соңында партия құрамына кіремін дейтін жандардың қарасы көп болды. Оларға ұйым төрағасы мүшелікті растайтын төсбелгі табыс етті.

СЕРІК ЕГІЗБАЕВ, “Ауыл” партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты:

— Жұмыс сапарымды Қарағанды облысынан бастадым. Соңғы 4 күн бойы СҚО-дағы шаруа қожалықтарын аралап жүрміз. Осы уақыт ішінде 6 ауданға бардық.

Тұрғындармен кездесуден соң Серік Егізбаев бастаған топ күзде егілген бидайды ору жұмысымен танысты.

 

Нұрасыл Ахмет