Шілденің екінші жексенбісі – балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Айтулы датаға орай қала іргесінде орналасқан Пестрое көлінде әуесқой балық аулаушылар арасында сайыс өтті. Қармақтарын қолына ұстаған жандар таңғы 6-дан бері су айдынында жүр. Кім көп балық аулайды сол жеңіске жетеді. Қоса кетейік, салмағы ең ауыр балық аулаған қатысушы да сыйлыққа ие болады.
МАРАТ ЕСІМСЕЙІТОВ, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:
— Жарысқа 10-ға жуық балықшы қатысты. Олардың барлығы – 20 жылдан бері осы кәсіппен айналысатын жандар. Біз бұл шараны ұдайы түрде өткізетінбіз. Тек былтырғы су тасқынының салдарынан игі дәстүр жалғасын таппады. Айтулы күнге арнап ауқымды бағдарлама дайындадық. Жарыстан кейін табиғат аясына шығып, волейбол ойнаймыз.
Балық инспекциясы шараны тегіннен тегін ұйымдастырған жоқ. Мамандар тұрғындардың балықты белгіленген орындарда және шектеулі мөлшерде аулағанын қалайды. Жалпы, жыл басынан 50-ден астам солтүстікқазақстандық заңсыз балық аулаған. Ереже бұзғандарға 1 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
АМАНГЕЛДІ ҚАЖҒАЛИЕВ, СҚО бойынша балық инспекциясының бөлім басшысы:
— СҚО-да балық аулауға арналған заңды 300-ден астам орын бар. Ал ресми тіркелмеген орындарда 5 келі ғана балық аулауға болады. Ережеге құлақ аспағандарға айыппұл салынады.
Міне, жарыс та өз мәресіне жетті. Сайыстың қорытындысы бойынша қала тұрғыны Михаил Орлов басқаларынан оқ бойы озық болды. Ол бүгін 3 сағаттың ішінде 2,5 келі балық аулаған.
МИХАИЛ ОРЛОВ, балықшы:
— Жаңбырлы ауа райында балық қармаққа көп ілінеді. Күн шыққан уақытта олар судың түбінен шыққысы келмейді. 30 жыл балық аулап жүрмін. Осы уақыт ішінде балықтың түр-түрі қармағыма ілінді. Тіпті, 9 келілік шортан да аулағанмын.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегеріне диплом және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Нұрасыл Ахмет