Қоғам

Энергия өндіруші және таратушы кәсіпорындардың жылыту маусымына әзірлігі – жіті бақылауда

“Қыстың қамын жаз ойла” демекші, өңірдегі энергия өндіруші және таратушы кәсіпорындар жылыту маусымына қамдануға бастады. Нысандардағы дайындық барысы мен жұмыстың нәтижелілігі – бейінді мамандардың назарында. Тиісті құжатты атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті жергілікті департаментінің мамандары табыстайды.

НИКОЛАЙ БОРЗИЛОВ, ҚР ЭМ АЭҚБК СҚО бойынша аумақтық департаментінің басшысы:

Қысқа әзірлікті растайтын құжат алу үшін әуелі өтініш жазу керек, кейін соның негізінде тексеріс ұйымдастырылады. Кәсіпорынның жылыту маусымына дайындығын растайтын құжат пен энергетикалық сараптама қорытындысы қажет. Субъект қолданыстағы техникалық құрал-жабдықтардың қандай күйде екенін көрсетуі тиіс. Егер ұйым барлық талапқа сай болса, біз әзірлік құжатын табыстаймыз.

Мамандардың айтуынша биылдан бастап бейінді кәсіпорын басшыларының біліктілігін растайтын құжат талап етілетін болады. Өңірде мұндай 7 кәсіпорын бар екен. Еске сала кетейік, тиісті паспорт алынбаған жағдайда бұл факті әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады. Субъектінің ірілігіне қарай айыппұл салынады.

НИКОЛАЙ БОРЗИЛОВ, ҚР ЭМ АЭҚБК СҚО бойынша аумақтық департаментінің басшысы:

Биылғы жылы айыппұл көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір артты. Мәселен, шағын кәсіпорындарға – 150 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 және ірілеріне 1500 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Айта кеткен жөн, энергия өндіруші және таратушы кәсіпорындар әзірлік паспортын алуға өтінішті тамыздың 15-інен бастап 30-шы қыркүйекке дейін “Электрондық үкімет” порталы арқылы жолдай алады. Жылыту маусымына дайындығын растайтын құжатты қазанның 19-ызына дейін алулары қажет.

 

Ақтолқын Солтанханқызы