Сарыарқадан бастау алып, Ертіске құятын Есіл өзені арнасымен ақырын ағып жатыр. Көктемдегі қарқын жоқ. Қазір гүріл естілмейді, баяу күйде солтүстікке бағыт алған. Талай ақын жырға қосқан ерке Есіл – петропавлдықтарды басты сумен қамту көзі. Сырт көзге барлығы қарапайым болып көрінеді. Шын мәнінде, мұның артында жауапты міндет жүктелген еңбек адамдары тұр. Олар табиғатқа, таңдаған мамандыққа ерекше құрметпен қарайды.
НҰРЖАН КӘКИЕВ, “Қазсушар” РМК СҚФ “Петропавл су торабы” өндірістік учаскесінің операторы:
— Осыдан 4 жыл бұрын маған өндіріс учаскесінің операторы болу ұсынылды. Ұсынысты қабыл алдым. Оның өзіндік себебі бар. Мені осындай гидротехникалық нысандарға тартып тұрады. Есіл өзені де ұнайды. Осы 2 жайт мені су торабына алып келді. Еш өкінбеймін.
Күнделікті қызметіне құлшына жететін Нұржан Кәкиевтың негізгі мамандығы – заңгер. Арадағы айырмашылық жер мен көктей. Азамат ойлана келе өзінің жанына жақын жұмысты таңдапты. Мұнда да аса жауапты болу қажет.
НҰРЖАН КӘКИЕВ, “Қазсушар” РМК СҚФ “Петропавл су торабы” өндірістік учаскесінің операторы:
— Біз үнемі бекітпеге назар аударып отырамыз. Қажеттілік туындаған жағдайда көтеріп, суды өткізіп аламыз. Ал босатылатын тіршілік көзінің көлемін азайту қажет болса, төмендете түсеміз. Бұл жерде тапшылықты болдырмау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үйлесім табады. Егер шамадан тысты суды ұстасақ, Есіл арнасынан асуы мүмкін.
Ал егер жоспардағыдан көп су босатылса, қалада тапшылық орын алуы ықтимал. Бұл жерде петропавлдық мамандар ресейлік тараптың өтінішін де назарға алады. Көктемде торабтан секундына 600 текше метрге дейін тіршілік көзі өтеді екен. Қазіргі таңда көрсеткіш небәрі 15-ті құрайды.
НҰРЖАН КӘКИЕВ, “Қазсушар” РМК СҚФ “Петропавл су торабы” өндірістік учаскесінің операторы:
— Өткен жылғы су тасқыны ерекше есте қалды. Есілдің мұзы көтеріліп, жоғары жылдамдықпен торапқа жетті. Сол кезде алаңдағанымыз жасырын емес. Шұғыл түрде жару және экскаватормен бұзу жұмыстары жүргізілді. Күн-түн еңбек еттік. Нәтижесінде нысанға зақым келмеді. Әріптестеріме құрметпен қараймын, өз жұмысымды жақсы көрем.
Жағдайды күн-түн бақылап, деректерді ұдайы жинау және тиісті органдарға жеткізу – бір адамның қолынан келмейтін іс. Бүгінгі таңда “Петропавл су торабы” өндірістік учаскесінде 4 оператор жұмыс істейді. Маман қажет. Стратегиялық нысанға сызба жасау, қондырғыларды қалыпқа келтіру мақсатында инженер-құрылысшылар керек.
Байболат Құлтанов