Ауыл шаруашылығы

СҚО-да еліміздегі ең ірі тауарлы-сүт фермасының құрылысы қарқынды жүргізілуде

Аққайыңдар өлкесінде еліміздегі ең ірі тауарлы-сүт фермасы салынып жатыр. Ол Мағжан Жұмабаев ауданындағы “СК Агро 2050” серіктестігінде орналаспақ. Жоба таңдай қақтырады. Заманауи өндіріс ошағында 3600 бас ірі қара сауылатын болады.

БОРИС ВОЛКОВ, компанияның бас технологы:

— Бірінші кезекте 800 басқа шақталған нысан ашылады. Содан кейін 4200 малға арналған ғимаратты қабылдаймыз. Мал тұратын жер, бұзаулайтын аумақ, сауын залы мен бұзаулар өсетін 2 қора болады. Тұяқтылар Европадан жеткізіледі. Сүтті бағыттағы гольштин тұқымына таңдау түсті. Жануардың бұл түрі бұрыннан танымал. Ақты көп береді, жаңа ортаға тез үйренеді.

Миллиардтар бағытталған ферма соңғы үлгідегі қондырғылармен жарақталады. Мысалы, “Карусель” атауымен көпшілікке таныс сауын аппараты қойылады. Онда бір мезетте 100 сиыр сауылады. Бүгінде құрылыс алаңында 14 адам мен 42 техника жұмыс істеуде.

БОРИС ВОЛКОВ, компанияның бас технологы:

— Қазір еден құю жұмыстары жүргізілуде. 1 айдын көлемінде аяқталады. Біз бір іспен шектеліп жатқан жоқпыз. Бүгінде мамандарымыз басқа да шаруаны қатар атқаруда. Болашақта құрама жем зауытын тұрғызамыз. Биыл келетін сиырлар үшін азық дайындалады. Шөп, пішендеме мен сүрлем үшін жер бар.

Құрылыс жұмысы ресейлік компанияға сеніп тапсырылған. Алыс-жақын шет елдерде осындай фермалар салатын жігіттер Барнауыл қаласынан келіп отыр. Бұған дейін Қазақстанның бірнеше шаһарында болыпты.

СЕРГЕЙ МИЛЛЕР, компания өкілі, РФ:

— Бұл біздің ең ірі жобаларымыздың бірі. Бірнеше ғимарат тұрғызып, тапсыруымыз қажет. Қазақстанға жиі келеміз. Жақында әріптестерім Астананың түбінде болды. Осы салада ұзақ жүргендіктен ұжымдағы жігіттер өте тәжірибелі дер едім. Іске жауапкершілікпен қараймыз. Сапаға жауап береміз.

Жоспар бойынша Қазақстандағы ең ірі ферманың алғашқы кезеңі биыл күзде аяқталады. Ал келесі жылы негізгі жұмыс мәресіне жетеді. Болашақта малдың санын 10 мың басқа дейін жеткізу жоспарланған. Жоба аясында 100-ге тарта адам еңбекпен қамтылады.

 

Байболат Құлтанов