9-шы шілде – елімізде Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Айтулы датаға орай бірқатар маманның еңбегі еленді. Сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов аталған мамандықтың маңыздылығына тоқталды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Су шаруашылығы қызметкерлері мен ардагерлері, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Кәсібін су шаруашылығымен байланыстырған азаматтарға біз әрдайым зор құрметпен қараймыз. Сіздің еңбектеріңіз – өңірдің тұрақты дамуының және табиғат ресурстарын қорғаудың негізгі тірегі.
Шара барысында су шаруашылығы саласының бірқатар маманына мемлекеттік наградалар берілді. Соның бірі – Сайран Ысқақов. Азаматқа өңірдегі су инфақұрылымы мен пайдалануына қосқан елеулі еңбегі үшін III дәрежелі “Еңбек Даңқы” ордені табысталды. Маманның бұл салада жұмыс істеп жүргеніне 20 жылдан асыпты. Бүгінде “Қызылжар су” серіктестігінің жөндеу-механикалық шеберханасының шебері қызметін атқарады.
САЙРАН ЫСҚАҚОВ, “Қызылжар су” ЖШС жөндеу-механикалық шеберханасының шебері:
— Өткен жылы бізге ауыр жыл болды. Өңір басшысының қолдауыменен біздің бірінші су көтерме станциясы жаңарды. Енді қалада тұрғындарына өте сапалы су беруге жұмыс істеп жатырмыз.
Сонымен қатар, су шаруашылығы саласында қажырлы қызмет еткен 6 азаматқа өңір басшысы Құрмет грамотасы мен алғыс хат табыс етті. Шара барысында облыс әкімі алдағы уақытта Ойқала шағын ауданында резервтік сорғы станциясын салу жоспарланып отырғанын айтты.
Ақтолқын Солтанханқызы