Талапкерлер бұрын оқуға түсу үшін тек психометриялық тест қана тапсырса, биылдан бастап “Емдеу ісі”, “Мейіргер ісі” мамандықтарын таңдағандар – биология пәнінен, ал “Зертханалық диагностиканы” қалағандар химия пәнінен тест түрінде емтихан тапсырады.
АҚТОТЫ БАЯНОВА, Ж.Тілеулин атындағы СҚ жоғары медициналық колледжінің қызметкері:
— Лабораториялық диагностика” мамандығына жалпы орта білім базасында орыс тілінде білім алуға мемлекеттік грант бойынша құжаттар қабылданады. “Фармация” мамандығы бойынша 11-ші сынып базасында және орыс тілінде оқытылады.
Жалпы, биыл колледжге 150 грант бөлінген. Тегін оқуға талпынған талапкер шілденің 21-і мен тамыздың 1-і аралығында білім ордасына келіп, биология мен химиядан курстарға қатыса алады. Ангелина Кормина анасымен бірге құжат тапсырып жүр. Бойжеткен болашақта фельдшер боламын дейді.
АНГЕЛИНА КОРМИНА, талапкер:
— Мен қала мектебінің түлегімін. Мені медицина саласы қызықтырады. 9-сыныпқа келген кезде фельдшерлікті таңдаймын деген нақты шешімге келдім. Арманыма қол жеткізуде ата-анам зор қолдау танытып отыр.
Жалпы, медициналық колледжге құжат қабылдау мерзімі 10 тамызға дейін жалғасады. Бүгінге дейін 150-ден астам талапкер өтініш білдірген. Тамыздың орта беліне жақындағанда тест тапсырады. Әзірге, колледж студенттерінің саны 1200-ден асады. Биыл 6 мамандық бойынша 350 түлек түлеп ұшқан.
Мәдина Қаби