Аптадағы маңызды жаңалықтарБілім

Қозыбаев университетінің үздік және белсенді түлектеріне диплом табысталды

Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ-дың үздік және белсенді студенттеріне салтанатты түрде диплом табысталды. Бұл сәтті бірі – 4, ал екіншісі 2 жыл күтті. Қазір қолдарына жоғары білімді растайтын құжат алады. Шара биыл әдеттегідей білім ордасында емес, орталық алаңда өтіп отыр. Салтанатты жиын ерекше форматта ұйымдастырылды. Түлектердің қуанышымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бөлісті. Ол жиналған қауымды тарихи сәтпен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Құрметті түлектер! Келешекте еліміздің дамуына зор үлестерінізді қосып, өңіріміздің беделін арттыруға тілектеспін. Мемлекетіміз үшін аянбай еңбек етіп, сенімімізді ақтайтын болыңыздар.

Алдымен магистратура тәмамдаған жандар диплом алды. Үздік түлектерге көк түсті құжатты облыс әкімі өзі табыстады. Мақсат орындалды. Қошеметке бөленген түлектердің қуанышында шек жоқ. Ұл-қыздардың құшағы гүл шоқтарына толды. Бірі дипломдарын камераға көрсетіп жатса, енді бірі іште жазылғанды асыға оқуда.

Кейін кезек өзге түлектерге келді. Оларға дипломдарын елге белгілі азаматтар табыс етті. Салтанатты шарада құттықтау сөздер жиі естілді. Күннің ыстығына қарамастан орталық алаңға біраз адам жиналды. Барлығының жүзінен қуаныш сезімі байқалады.

Биыл жергілікті білім ордасын 1400-ден астам студент тәмамдады. Оның 350-ге жуығы қызыл дипломға ие болды. Бұл – 4 жыл бойғы еңбектің жемісі. Мына түлектер еліміздің дамуына зор үлестерін қосатынына, әрбіреуі таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істейтінтеріне сенім мол.

АЯУЛЫМ ЕРАЛХАН, М.Қозыбаев атындағы СҚУ түлегі:

— Қозыбаев университетінің арқасында өзімнің жаңа қырларымды байқадым. Көшбасшылық қасиет пайда болды.

Айта кету керек, қазіргі таңда жергілікті білім ордасында 6 мыңнан астам студент білім алады. Шара елімізге танымал эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуімен жалғасын тапты.

 

Мәдина Қаби, Нұрасыл Ахмет