Облыста жыл сайын 4,5 млн гектар алқапқа дән сіңіреміз. Әрине, әр серіктестік мол өнім алғысы келеді. Ол үшін заман талабына сай болуымыз қажет. Су жаңа техника, заманауи құрылғыларды қолданған жөн. Сонда ғана тонналап ырыс дәнін жинай аламыз. Сол мақсатта Қызылжар ауданындағы Чапаев ауылында “Агроқала Қазақстан 2025” атты ауқымды шара өтті. Маңызды басқосуды петропавлдық “ЭталонАгроХим” және астаналық “Шанс Трейд ЛТД.КЗ” компаниялары бірлесіп ұйымдастырды.
АЗАМАТ ЕЛМАҒАНОВ, “Шанс Трейд ЛТД.КЗ” компаниясының бас директоры:
— Шараға танымал шетелдік және қазақстандық компаниялардың өкілдерін шақырдық. Олар екі күн бойы теріскейлік диқандарға бар білгендерін үйрететін болады. Біз ескі техника мен құрылғыларды қолданып, ешқашан жетістікке жете алмаймыз. Мәселен, жаңа трактор ескісінен қарағанда 3 есе артық жұмыс істейді. Уақыт та үнемделеді, жұмысымыз да өнеді. Бұл конференция теріскейде өткізуіміз тегіннен тегін емес. Себебі, СҚО – еліміздегі беткеұстар аграрлы аймақ.
Басқосуға келушілер назарына ауыл шаруашылығындағы түрлі заманауи техникалар ұсынылды. Солардың бірі – агродрондар. Біз оларды өз көзімізбен көре алмадық. Себебі, олар егістік алқабында екен. Бірақ, аталған аппаратты сатушы серіктестік өкілдері бізге видео арқылы оның қалай жұмыс істейтіндігін көрсетті.
Агродрондар жерді өңдеуге және зерттеуге мүмкіндік береді. Заманауи құрылғы арқылы тіпті егістік суаруға және минералды тыңайтқыш себуге болады. Агродрон құрастыратын ақмолалық серіктестігінің бөлім басшысы Біржан Сәдуақасовтың айтуынша аталған игілік саланың дамуына зор септігін тигізеді.
БІРЖАН СӘДУАҚАСОВ, “Navistar Asia” ЖШС бөлім басшысы, Ақмола облысы:
— Агродрондар 1 сағаттың ішінде 30 гектар аумақты қамти алады. 2 генератордан тұрады. Құрылғы пульт арқылы басқарылады. Бағасы – 12 млн теңге. Біз бұл жаңашылдық арқылы бұрынғыдай егістікті басып өтіп өңдеу жұмыстарын жүргізбейміз. Бір орында тұрып, алқапты зиянкестерден тазартып, суара аламыз. Айта кету керек, агродрондар кез келген ауа райында жұмыс істей береді.
Мұндай шаралар теріскейлік диқандарға ауадай қажет. Былтыр 6 млн тонна өнім алдық. Жаңашылдықтарды қолдансақ, бұл көрсеткішті 30-40 пайызға ұлғайтуға болады. СҚО аграрлы аймақ болған соң, шаруаларға артылған жүк ауыр. Бұны еңбеккерлер жақсы түсінеді.
ӘЗИЗ СМАҒҰЛОВ, “Данияр Агро” ЖШС директоры, Есіл ауданы:
— Шынымды айтсам, шараға келіп көптеген таңқаларлық дүниелерді көріп отырмын. Маған ұнады. Өзім осы саланың адамы болғаннан кейін бұл басқосудың маңыздылығы зор. Бізге ұсынылған техникалардың, қондырғылардың жұмысын бағамдап көрдік. Серістестігімнің машина-трактор паркін жаңартуды жоспарлап отырмын.
Айта кету керек, шараға 50-ден астам теріскейлік диқан қатысты.
Нұрасыл Ахмет